{metadescription}
Храпуновтың бұрынғы бағыныштылары сотта кінәларын мойындай бастады
Храпуновтың бұрынғы бағыныштылары сотта кінәларын мойындай бастады

Храпуновтың бұрынғы бағыныштылары сотта кінәларын мойындай бастады

Ескірмейтін айыптар. Алматыда Храпуновтарға қатысты сотта алдын ала тыңдау өтті.  Виктор мен жары Ләйлаға «қылмыстық топ құру», «пара алу», «алаяқтық» секілді бірнеше бап бойынша айып тағылған. Атышулы істе Храпуновтың Алматыны басқарған кезде бірге қызмет атқарған 10 әріптесі де жауапқа тартылып жатыр.

Бүгінгі сот отырысы бас кейіпкерлерсіз басталған спектакльге ұқсайды. Басты айыпталушылардың жоқтығынан істің шұбатылып, сағызша созылғанына 10 жылдан асты. Храпуновпен ауыз жаласып, ым-жымдары бір болды деп айып тағылған, Алматы әкімдігінде әр жылдары қызмет еткен 9 азамат осында. Оқулығын үйде ұмытқан оқушыдай, отырысқа адвокатсыз келген Абдул-Ғазиз Мұқашевтың әрекетін сот әбестікке балағандай. Тіптен, сол  үшін процесті уақытша тоқтатуға тура келді.

- Күдікті адвокатыммен байланыса алмадым деп отыр ғой.

- Адвокатсыз болмайды.

Мұқашевтың бейқамдығы өзге айыпталушылар мен қорғаушылардың қытығына тиді. Бір адам үшін отырысты кейінгі қалдыруды ешкім қаламады. Сәл үзілістен кейін судья отырыстың жалғасатынын айтты. Олардың бәріне ақша жымқыру, қылмыстық топқа қатысы бар деген айып тағылған. Кезінде Храпуновтың орынбасары болған Яков Заяц кінәсін ішінара мойындады. Сондай-ақ,  осыдан 10 жыл бұрын автобус астында қалып, жадынан айырылғанын айтып ағынан жарылды. 

-Мүгедектік алдым. Соған қарамастан сотта отырмын ғой.

Осы істегі тағы бір айыпталушы, құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Ғабиден Қайымсұлтановтың өзіне қарағанда, баласы Әлібектің аты көпке таныс. Бірақ жақсы жағынан емес. 2009 жылы ащы суға сылқия тойған жігіт көлігімен апат жасап, үш адамның өліміне себепші болды. Сосын сотталды. Алайда, 2013 жылы уақытынан ерте бостандыққа жіберілді. Ғабиден Қайымсұлтановтың қорғаушысы одан қылмыстық істің ескіргеніне байланысты бар айыпты алып тастауға өтініш білдірді. Айта кетейік, ерлі-зайыпты Храпуновтарды қамау туралы сырттай шешім шыққан. Ал, қалғандарынан елден кетпеу туралы қолхат алынған.

Елден кезінде қашқан Храпуновтар отбасы әлі күнге Швейцарияда алаңсыз  күн кешіп жатыр. Тергеу мәліметіне қарағанда 2003-2007 жылдар аралығында оффшорлық банктерге 48 млн доллар мен 8 млн еуроға жуық қаржы аударған.

-Храпуновтарға Қазақстан билігі жемқорлық айыптар бойынша іздеу жариялағанмен, әлі күнге құрық салдырмай келеді. Өзі арғы бетке ауғанмен, кезінде бір кемеде болған әріптестері бергі бетте қалды. Енді араға ұзақ уақыт салып қолдарымен істегенді мойындарымен көтермек. Бүгінгі алдын ала тыңдауда судья ешнәрсені кесіп айтпады. Келесі сот отырысы шілденің 31- ші жұлдызына белгіленді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

08 ақпан

07 ақпан

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде