Алматыда тәртіп сақшылары әншінің жыртық шалбарына шүйлікті
Көшеде ән салсаң, айыппұл арқалайсың! Алматылықтар көпшілік орындарда өнер көрсететін әуесқой музыканттарды құрықтаған полицейлердің әрекетін қызу талқылап жатыр. Белсенділердің айтуынша, көше әншілерінен келер қауіп жоқ. Керісінше олар қаланың кешкі көрінісіне көрік береді дейді тұрғындар. Алайда, полицейлердің мәліметінше түнгі 11 мен таңғы 6 аралығында қоғамдық тыныштықты бұзуға ешқандай рұхсат берілмейді.
Автор: Мақсат Мәлік
30.07.2018
Жая жүргіншілерге арналған Панфилов көшесінде текетіреске түскен тараптар, бір-біріне ақиқатын дәлелдеп әлек. Куәгерлердің айтуынша, бұл жолы құқық қорғау органының қызметкері әуесқой әншінің жыртық шалбарына шүйлігіпті. Ал көшеде ән салып, қала тұрғындары мен қонақтарына керемет көңіл-күй сыйлаймыз деген музыканттар соңғы кездері полицейлердің қысастығы көбейгенін айтады.
-Полицейлер келді. Алдыңдағы қорапша мен ақшаны алып таста деп ескертті. Бірақ, сағат түнгі 11-ге дейін ән айтуға тыйым салған жоқ.
-Маған да бірнеше мәрте айтқан болатын. Қалағаныңша ән сала бер, бірақ ақша салатын қорапты алып таста деді. Мен басқа қаладан келгенмін. Уақытша болса да, жаным жақын музыка арқылы нәпақа айырсам деймін.
Полицейлердің де айтуынша, арнайы демалыс орындарында көше өнерпаздарының ән айтуына ешкім кедергі келтірмейді. Бірақ, алдына қорап қойып, елден ақша жинауға рұқсат берілмейді. Себебі, тіленшілікке заңмен тыйым салынған дейді олар. Ал тұрғындардың пікірінше, көше әншілерінің әрекетінде ешқандай сөкеттік жоқ.
Айгүл Бейсенова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Полицейлер гитарамен ән салған бір баланы алып кетті. Сұрағанымда, қайыр сұраумен айналысты деп жауап берді. Шындығында ол ешкімге алақан жайған жоқ. Өнерін ұнатқандар өздері келіп ақша салады. Көше әншілері әрі-бері өткен жүргіншілерге кедергі жасайды деп ойламаймын.
Мұндай деректі қалалық ІІД-нің өкілдері растағанымен, айқайлап ән салғандарды сабасына түсіру үшін тұрғындардың өздері сақшыларға қоңырау шалғанын айтады. Себебі, заң бойынша түнгі 11 мен таңғы 6 аралығында қоғамдық тыныштықты бұзуға болмайды дейді полицейлер. Әзірге олар тек ескертумен шектеліп жатыр. Ал оған көнбегендерге 12 мың теңге айыппұл салынбақ.
-Қолға гитара ұстап, көпшіліктің алдында өнер көрсету де оңай дүние емес деген көше музыканттары ешкімнен қайыр сұрамайтынын, бірақ өнерін бағалағандардың қолын қақпайтынын айтады. Алайда бұл маңда полицейлердің тексерісінен соң олардың қатары сирегені анық байқалады. Ал, көше əншілері қала мəдениетінің бір бөлшегі деген тұрғындар Астанада велосипедтің құжатын тексеріп таң қалдырған полицейлердің аяқ астынан көше музыканттарына тиіскенін түсінбей əлек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!