Ақмола облысында ішкі істер бөліміне жол төсеу үшін гараждар жаппай сүріліп жатыр
Гараждар сүрілмек!Ақмола облысындағы Щучье қаласының тұрғындары бұл ақпаратты естіп өре түрегелді. Олар онда көлік қоятын жер ғана емес, қыстық азық- түлігін де сақтап, қажетті заттарын қоятын жеке қоймаларына айналдырған. Енді жаңадан салынған полиция ғимаратына кіре беріс жол төсеу үшін жолдағы гараждардың бәрі сүрілмек. Әкімдіктегілер де бұл өзгерісті қаланың бас жоспарына енгізіп қойған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
30.07.2018
-Заречное шағын ауданында 300-ге жуық гараж бар екен. Оның алғашқы 14-інің сүрілетінін иелері газеттен оқып, шалқаларынан түскен. 30 жыл бойы пайдаланған ғимараттарын олар оңайлықпен бермейміз деп отыр. Айтуларынша бұл «гараж дауының»басы ғана. Өйткені бұл жерге басқа ғимараттар да салынады дегенді естіпті.
Алғашқыда ауызша айтылып, кейіннен газет бетінде жарияланған ақпарат тұрғындарды аяғынан тік тұрғызды. Сүрілетін гараждардың мекен жайы, нөмірлеріне дейін мұнда көрсетілген. Олар ешбір ескертпестен аудан әкімінің бұлайша шешім қабылдап, қаулы шығаруына наразы. Көпқабатты үйлерде тұратындықтан гараж үшін қанша ақша төлесе де көнбейміз деп тұр.
Ермек Ғалиев, Щучье қаласының тұрғыны:
-Жергілікті органдар бізді тыңдағысы келмейді. Полиция мен төтенше жағдайға басқа жақтан да жол салуға болады деп көрсеттік. Көпқабатты үйде тұрамыз. Жартыжылдық азығымызды сақтайтын орын ол гараждар. Халықтың қамын неге ойламайды. Бұл ешқандай да мемлекеттік қажеттілік емес. Бұл қалада алынбаған енді осы жер ғана қалды.
1994 жылы гараж иелері «Бурабай автолюбитель» кооперативін құрып, салығын да төлеп келген. Қыстық азық та осында сақталады екен. Тіпті бір ұраны бірнеше отбасы пайдаланып жүр. Ал жергілікті басшылық жоспардан ауытқымай, айтылған 300 гаражды сүрмей тоқтамайтын сыңайлы,
Арман Нұртазин, Бурабай аудандық ТКШ бөлімі басшысының міндетін арқарушы:
-300 гараж кетейін деп тұр. Бұл әлі қаланың бас жоспарының бастамасы ғана. Әзірге полиция мен төтенше жағдай қызметіне тура жол салып беруіміз керек. Содан кейін барлық гараждарды аламыз.Орнына кешенді құрылыстар салынады. Олардың дүрлігуі тегін емес.Ғимараттарын бәрі бірдей заңдастырмаған. Құжаты жоқтар бір тиын да өтемақы ала алмайды.
Шынымен мына тұрған гараж иелерінің 14-інің 7-і ғана гараждарын жекешелендіріп алған. Қалғандарында құжат жоқ. Жақында бұл ғимараттар бағаланып мемлекеттен тиісті өтемақы төленеді екен.Әрине,құжатсыздар ол қаражаттан қағылады. 300 гараждың қаншасының заңды иесі бар екені де әзірге белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!