Талдықорғанда мектепке оқушыларды алалап қабылдады деген ата-аналар шу шығарды
Талдықорғанда су жаңа мектепке қатысты қып-қызыл дау туындады! Осы білім ошағының ашылуын тағатсыздана күткен ата-аналардың үміті су сепкендей басылған. 1200 оқушыға арналған мектепте алғашында қос бірдей ықшамауданның балалары оқиды деп жоспарланыпты. Бірақ жеме-жемге келгенде, ол жерден жақын маңда тұратындарға орын жетпей қалған. Ашынған ата-аналардың айтуынша, жаңа мектепке оқушылар астыртын іріктеп алынған көрінеді.
Автор: Ұлан Нұрахмет
03.08.2018
Баламыз үйдің іргесіндегі мектептен білім алады деп бөркін аспанға атқан ата-аналардың арманы орындалмады. Өйткені жақында ғана 1200 оқушыға арналған мектептің күзетшілері мұнда оларды табалдырықтан ары аттап бастырмай отыр. Ұлардай шулаған жұрт бұған жергілікті шенеуніктерді кінәлайды. Өйткені білім мектепке оқушылар тамыр-таныс арқылы іріктеп алынған дейді. Сондықтан қос бірдей ықшамауданның тұрғындары күзде қай мектепке барарын білмей дал болып жүр.
Назым Жақыпова, Талдықорған қаласының тұрғыны:
-Осы мектеп салынғанда жоба бойынша, 6-7 ықшамауданға арналады деген. Ал, біз жаз бойы хабарласып сұрағанда, бұл мектеп ашыла ма, ашылмай ма белгісіз деп ешкім жөнді жауап бермеді. Оның үстіне, басқа ауданда тұрған кезде мұғалімдер келіп мектепке баратын балалардың тізімін жазатын еді. Бұл жолы ешкімнен ештеңе естіген жоқпыз.
Ал екі ықшамаудандағы оқушылардың барлығы осыған дейін №24 мектеп-лицейде оқып келген. Қазір бұл білім ошағында да бала саны артқан. Сондықтан сыймаған оқушыларды жаңа мектепке ауыстыру көзделіпті. Шенеуніктердің айтуынша, онда алғыр әрі оқу үлгерімі жақсы оқушылар іріктеп алынған. Ал басқа балалар ескі мектепте қала бермек.
Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
-Жаңадан салынған мектептің құрлысы басталған кезде, қала құрылысы және қоғамдық кеңестің талқысынан өтті. Сол кезде, о бастан дарынды балаларға арналады деп шешілген болатын.
Мұндай жауапқа ата-аналардың көңілі толмады. Өйткені балаларды сабақ үлгерімене қарай бөлуге болмайды дейді жиналғандар. Оның үстіне әр оқушы тұрғылықты мекен-жайына байланысты жақын жердегі мектепте оқуға хақылы. Осы жайттарды алға тартқан ата-аналар қазір Білім министрлігі мен Бас прокурордың атына арыз дайындап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!