Елімізде астық ору науқаны таяған шақта дизель отыны қымбаттап кетті
Жанармай қымбат! Астық өнімін жинауға дайындалып жатқан шаруалар шағым айтып жатыр. Жыл сайын көтерілетін дизельдік отын құны биыл да әдетінен жаңылмапты. Соның кесірінен гектарлаған егістік алқаптары орылмай қалуы мүмкін. Демек, дүкендерге ұн мен нан, макарон тағы басқа астық өнімдері жетпей қалуы мүмкін. Ал жанармайдың бағасын ұстап тұруға министрліктердің мүмкіндігі жетпейді.
Автор: Ербол Тұрымбет
03.08.2018
Жанармай бағасының шарықтап шыға келуі шаруалардың шашын ағартқан. Бүкіл техникасын сайлап, күзгі жиын-терімге дайындалып отырған шаруа қожалықтары осы күні дизельдік отынды қайдан табарын білмей дағдарып отыр. Өйткені, қазіргі бағаны қалта көтермейді.
Виктор Сураев, шаруа қожалығының басшысы:
-Көктемгі дән себетін шақта және күзгі егістік оратын уақыттың алдында дизельдік отынның қымбаттап кететініне етіміз үйренген. Бұрын литрін 137 теңгеден сатып алатынбыз. Қазір 180 теңгеге жетті. Үкімет арзандатып бердік дейді. Бәрібір шығынға батайын деп отырмыз, оның несі арзан?!
Бұл кісілердің Арқа төсіне астық сеуіп жүргеніне 20 жылдан асқан. Ал ауыл шаруашылығына 40 жыл өмірін сарп еткен. Жағдайымыз жыл сайын қиындап бара жатыр дейді. Өйткені, мыңдаған гектарға дән сеуіп, нәсібін көрем бе дегенде дизельдік отынның зарықтырып қоятынына налиды.
-Мына жатқан егістік алқабының аумағы 1300 гектар. Ал мына бидай сабақтары жасыл болғанымен, шамамен 1 айдан соң сарғаяды да оны ору керек болады. Бірақ, баяғы әдет бойынша дәл жиын-терімнің алдында жағармай бағасы қымбаттап кеткен. Сондықтан, мына алтын дән алқабын түгел жиып алу үшін шаруаларға амалсыз шығынға жұмыс істеуге тура келеді.
Шенеуніктердің шаруаларға ұсынып отырған арзан бағасы тоқтаусыз өсіп келеді. Наурыз айынан бері 25 теңгеге қымбаттаған. Сөйтіп алып, нанның бағасын өсірмеңдер, макарон қымбаттамайтын болсын деген талаптар қояды екен. Бұған төзбеген шаруалар шағымды бұрқырата бастапты.
Әуезхан Дарынов, Қазақстан фермерлер қауымдастығының президенті:
-Жап-жаңа ғана Алматы облысынан түсті. Баға көтеріліп жатыр, ал қызылшаның бағасы бірқалыпты. Бұл енді не орылмай қалады, не жиналмай қалады. Бүгін ең бізді қинайтыны, жауап жоқ. Сәуір айынан бері арыздандық, 4 ай өтті жауап жоқ.
Фермерлердің ендігі үміті Елбасыда. Жыл сайын 300-400 адам жиналып жиын өткізетін дәстүрі бар екен. Ал биыл 4 мыңға тарта делегат Астанада бас қосып, Президенттің атына үндеу жолдамақшы. Одан басқа жол тыңдар құлақ қалмады дейді олар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!