Павлодарда көпбалалы ана елден көмек сұрады
Павлодарда үйі өртеніп кеткен жалғызбасты, көпбалалы ана көпшіліктен көмек сұрайды. 48 жастағы Ольга Некрасованың баспанасы бір түнде от жалмаған. Әйтеуір, үйден бала-шағасы мен құжаттарын алып шығып үлгерген. 8 баласымен далада қалған әйелге ауыл әкімі 70 мың теңге көлемінде бір жолғы көмек беруге әзір екенін жеткізді. Бірақ бұл қаржыға, әрине, баспана салып, киім-кешек алу мүмкін емес. Сондықтан жыларман күйге түскен ана жомарт жандардың көмегіне зәру.
Автор: Әйгерім Шакаманова
06.08.2018
Жалғызбасты Ольга Некрасова өрттен бала-шағасымен аман қалғанына шүкіршілік етіп отыр. Десе де, қираған баспанасын көргенде көкірегін өксік кернейді. Айтуынша, түнде тұтанған жалын әп-сәтте бар дүние мүлкін шарпып өткен. Шырт ұйқыда жатқан отбасын көршілері бір ажалдан аман алып қалыпты. Түн ішінде есікті бұзып кірген көршісі қою түтін ішінен балаларды сыртқа алып шыққан.
Ольга Некрасова, Павлодарское ауылының тұрғыны:
-Ер адамның айғайынан ояндық.Сөйтсек, үйіміз жанып жатыр екен. Ұйқыда жатқан балаларым киімсіз жатқандықтан, көрпе жамылып далаға атып шықты.Кішкентай қызым шошып қалды. Бала түгілі өзімнің де есім шықты.
Сөйтсе, өрт үйге жапсарлас салынған жазғы ас үйден басталған екен.
-Түгел жанып кеткен төрт бөлмелі қамыс үйдің қабырғалары ғана сау қалған. Іште болған жиһаз, тұрмыстық техника мен киім-кешек жарамсыз күйге түскен. Шырт ұйқыда жатқан көп балалы ана ұл-қыздары мен құжаттарын ғана сыртқа алып шығып үлгеріпті.
Ал жалынды бес сағатта әрең ауыздықтаған өрт сөндірушілер қазір оқиғаның себебін анықтап жатыр. Бар жиған-тергенінен бір сәтте айырылған Ольганың үйді біреулер қасақана өртеді дегенге сенгісі жоқ. Ал әбден есеңгіреп қалған балалар көршіміз болмағанда тірідей жанып кетер едік дейді.
Мариям Некрасова, Ольга Некрасованың қызы:
-Оянғанымда көрші ағайды көрдім.Ол бізге дереу сыртқа шығыңдар деп айғайлады. Әпкем мені көтеріп алып шығамын деп қолын күйдіріп алды. Далаға шыққанымда үйсіз қалғанымызды түсіндім.
Баспанасыз қалған Ольга Некрасова сегіз баласын бір өзі бағып-қағып отыр. Ересек ұл-қыздары облыс орталығында, өзі қалған төрт баласымен ауылдағы осы үйінде тұрып келген. Шіркеуде жұмыс істейтін жалғызбасты ана табысым онсыз да ішіп-жемнен артылмайтын дейді. Сондықтан жомарт жандардан көмек сұрауға мәжбүр. Атқамінелер болса, қолдан келген көмекті көрсетеміз деп отыр.
Аждар Жүсіпов, Павлодарское ауылының әкімі:
–Мектеп жасындағы балаларының өлшемдерін алдық. Бүкіл ауыл бірігіп қажетті киім-кешек пен оқу құралдарымен жабдықтаймыз. Мемлекеттен 70 мың теңге көлемінде өтемақы төленуі тиіс. Бүлінген дүние-мүлікті шығарып тастауға қажетті техниканы да береміз.
Сондай-ақ, ауыл әкімі күлге айналған баспананың орнына жаңасын салу үшін жергілікті кәсіпкерлерден жылу жинап, құрылыс материалдарын алуға қол ұшын беремін деп сендірді. Десе де, жалғызбасты ана көпшіліктің көмегінсіз көше кезіп кетем бе алаңдайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!