Білім министрлігі талапкердің 25 балмен қалай грантқа ие болғанын түсіндірді
Бүгін білім гранттары иегерелерінің тізімі жарияланды. Биыл 53 мыңнан астам талапкер мемлекет есебінен тегін оқытылмақ. Үкімет өткен жылмен салыстырғанда 20 мың орын артық бөліп отыр. Бұл жолы да техникалық мамандықтарға басымдылық берілген. Бір қызығы 25 баллмен де грантқа түскендер бар.
Автор: Жәудір Оразхан
06.08.2018
Білім грантынан үміттенген талапкер біткен бүгін республикалық басылымдар мен Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан алтын іздегендей күй кешті. Бюджет есебінен тегін оқитындардың тізімінен Азамат та өзінің аты-жөнін тапқанда алғашында өз көзіне өзі сенбеген. Болашақ сәулетші 119 балмен грантқа түскеніне қуанып әлі бақыттан басы айналып жүр. Бір жағынан ата-анасының 800 мың теңгесін үнемдегеніне дән риза. Себебі ол ақылы бөлімге түскенде, осыншама қаражат төлеуші еді.
Азамат Хафизов, талапкер:
- Әке-шешеме ауыртпалық салмаймын және оларға шығын келмейді. Өзімнің стипендиямды аламын. Мен өзіме сенімді болдым грантқа түсетініме.
Жалпы, биыл елімізде 98 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсырған. Оның 14 мыңнана астамы ең төменгі 70 баллға да жетпей қалды. Ал ең жоғарғы 140 баллды жалғыз талапкер жинады. Ол Алматыда тұрады. Бір қызығы, бұл жолы 25 баллмен де грантқа ие болғандар бар. Олар - колледжді тәмамдаған этникалық қазақтар.
Асхат Аймағамбетов, Білім және ғылым вицеминистрі:
- Басқа түлектер ҰБТ тапсырғанда 140 балл болса, соның шекті баллы - 50 бал. Бұл түлектер 70 балға жауап береді, өйткені, екі ғана пәнді таңдайды. Соның шекті баллы - 25 балл. Біраз гранттардың санын колледжден кейінгі түлектерге бердік. Оларға көп сұраныс болмады. Сондықтан төмен баллмен өтіп кетіп жатты.
Яғни, биыл Үкімет шеттегі қандастарымызға да квотаны көбейтіп, шетелдегі қазақтарға қолдау көрсетіп отыр. 25,26 баллмен грантқа түскен талапкерлер Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия мен Еуропа елдерінің азаматтары екен. Енді «Алтын белгі» иегерлеріне келсек. Мектеп бітірген 6780 түлек алтындарын толық қорғап шыққан. Олардың барлығы бірдей грантқа ие бола ма? Ол жағы түлектердің таңдаған мамандығына байланысты екен.
Асхат Аймағамбетов, Білім және ғылым вице министрі: ауд
-Биыл түлектерге бірден ескерттік. «Алтын белгі» алғанның бәрі бірдей мемлекет есебінен тегін оқиды деген сөз емес. Жаңа заң бойынша, кез-келген талапкердің ҰБТ-да жиған баллы есепке алынады. Ал екі үміткердің баллы бірдей болып қалған жағдайда «Алтын белгі» иегеріне жеңілдік жасалады.
Былтыр дәл осы «Алтын белгі» иегелеріне қатысты шу шыққан еді. Білім министрлігі парламент әлі қабылдамаған заң жобасына сүйеніп, ҰБТ-ның қорытындысына қатысты екі бұйрық шығарып, ата-ана мен талапкерлерді әбден шатастырды. Шенеуніктер алдымен гранттарды «Алтын белгі» иелеріне берсе, кейін жоғары балл жинаса да далада қалғандарды қайта тізімге қосты. Ал биылғы 53 мыңнан астам гранттың басым бөлігі техникалық мамандықтарға бөлінген. Ұстаздар, дәрігерлер мен ауыл шаруашылығы мамандары да басты назарда.
-Үкімет биыл өткен жылмен салыстырғанда мемлекеттік грантты 20 мыңға көп бөлген. Дегенмен, грант дауы тағы қайталануы әбден мүмкін дейді Білім министрлігіндегілер. Себебі, заңгер, қаржыгер, дәрігерлерлікке конкурс өте жоғары болған. Дәл осы мамандықтарға құжат тапсырғандар да көп. Яғни, талай талапкер жоғары балмен грантқа түспей қалуы ғажап емес. Ал мемлекеттік гранттардың тізімі қайта қаралмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!