Павлодар облысында атауы өзгерген аудан жұрты құжаттарын ауыстыруға қамдануда
Павлодар облысында қос бірдей ауданның атауы өзгертілді. Қашыр мен Лебяжі аудандары енді Тереңкөл және Аққулы деп аталады.
Автор: Әйгерім Шакаманова
07.08.2018
Елбасының жарлығымен қазақшаланған қос ауданның бұрынғы атаулары Кеңес одағынан бері өзгермепті. Ал ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, Қашыр атауы сол кезде танымал болған Качировский деген саудагердің тегінен пайда болған көрінеді. Бірақ бұл болжамға ешқандай ресми дәлел жоқ. Ал екіншісі Лебяжі көлінің атымен аталып кеткен. Енді Аққулы деп өзгертілген ауданда қазір 14 мыңға жуық тұрғын түтін түтетіп отыр. Ал кейбір деректерде Тереңкөл болысы ретінде тіркеліп, бүгінге дейін ресми түрде Қашыр ауданы болған өлкеде 20 мыңнан аса халық бар. Атқамінерлер қос ауданның қазақшалануын тұрғындар талай жылдан бері талап етіп келген дейді.
Сәуле Османова, Павлодар облысы тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы:
-Лебяжі ауданы және Качир ауданының тұрғындарынан ұсыныс түскен болатын. Сол ұсынысты бүгін жүзеге асырып, Лебяжі ауданы – Аққулы ауданы және Качир ауданы – Тереңкөл аудандары деп қайта аталынды. Осы үлкен қуанышты жағдай деп ойлаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!