Алматыда кілем жуамын деп суға кеткен әйелдің туыстары билікке талап қойды
Ашық-шашық жатқан су қоймалары мен каналдар қоршалуы тиіс. Елімізде ажалы судан келген марқұмдардың туысқандары құзырлы орындарға осындай талап қойды. Естеріңізге салсақ, жақында Алматы облысында жүкті әйел каналда кілем жуамын деп суға ағып кеткен болатын. Денесі 5 күннен кейін әзер табылған марқұмның туысқандары, егер өзен қоршауға алынғанда жазатайым оқиға болмас еді дейді. Ал, мұндай талаптың қисынға келмейтінін айтқан төтеншеліктер, тыйым салынған аймаққа аяқ басатын тұрғындардың өздері кінәлі екенін айтуда.
Автор: Мақсат Мәлік
07.08.2018
Каналға кілем жуамын деп, суға батып кеткен 32 жастағы Әсия Мұсаеваның туысқандары тағы да ағысы қатты өзен басын жағалап жүр. Ауыр қаза қабырғасын қайыстырған жандардың айтуынша, талайдың өмірін жалмаған Үлкен Алматы каналының бойында қауіпсіздік шараларын күшейту керек. Тіпті, арнайы қоршау жасаса адам аттап баса алмай, жазатайым оқиға болмас еді дейді олар.
Ильвира Тохтамова, марқұмның туысқаны:
-Біз оны судан бесінші күн дегенде әрең тапқанбыз. Топырағы кеуіп үлгерген жоқ. Енді біздің талабымыз, қауіпті аймаққа қоршау қою қажет және құтқарушылар жүрсе дейміз. Тіпті, Үлкен Алматы каналында екі жерде ғана арнайы тор қойылған. Оның өзінде астыңғы 1 жарым метрі ашық тұр, толық түбіне дейін жетпейді.
Гүлнар Әбдіраджиева, марқұмның туысқаны:
- Рейдтар жасап, 2 немесе 3 шақырым болса да сетка қойып берсе. Екі бала қалды. Кішкентай балалардың да көзіне қарай алмаймыз. Ең бастысы, сол қауіпсіздікті күшейтсе мұндай оқиға болмас еді. Ешкімнің басына бермесін.
Әсия сияқты кілем жуып жатқан астаналық әйел екі бірдей қызымен қоса Нұра -Есіл арнасымен ағып кеткен еді. Ал өткен аптада шымкенттік жасөспірім қыз каналға секірген итін құтқарамын деп тоққа түсіп, сеспей қатты. Сөйтсе, сол маңдағы тұрғындар бау-бақшасын суғару үшін арнаға электр насос қойып, суды сорып алып отыр екен. Төтенше жағдайлар комитетіндегілер болса, бұл каналдар суға түсуге және кір-қоңыңды жууға арналмағанын айтады. Оның үстіне су айдындарының барлығы жергілікті әкімдік пен су ресурстары комитетінің иелігінде. Сондықтан қолдан келер қайран жоқ дейді төтеншеліктер.
Руслан Иманқұлов, ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі:
-Дегенмен, бүгінгі таңда осы каналдарды қоршау керек деген ұсыныстар түсіп жатыр. Бірақ ондай жасау мүмкін емес. Қазір елімізде 50 мың су айдындары бар. Енді оның бәрін қоршай беретін болсақ, нәтиже одан шықпайды деп ойлаймыз.
-Марқұм Әсия Мұсаеваның туысқандары қазіргі уақытта Үлкен Алматы каналы нағыз қауіпті мекенге айналды дейді. Олардың айтуынша, жақында тағы бір бала каналға ағып кетіп, үш күннен соң әрең табылыпты. Ал, төтенше жағдайлар комитетінің өкілдері бар кінәні тұрғындардың өздеріне аударып отыр. Себебі, елімізде жыл басынан бері 235 адамның ажалы судан келсе, қайғылы оқиғаның 98 пайызы тыйым салынған жерде суға шомылумен байланысты екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!