Яков Заяц Храпуновтың кезекті былығын әшкереледі
Алматыда Храпуновтар ісі бойынша айыпталушылар сот алдында жауап беріп жатыр. Атышулы ерлі-зайыптылар мен Храпуновтың бажасы Айяр Ілиясовтың қатысуынсыз өтіп жатқан процесте тағы 9 адам айыпқа тартылуда. Олардың барлығы ешқайда кетпеу туралы қолхатпен бостандықта жүргенімен бүгін алғашқы болып Виктор Храпуновтың кезіндегі орынбасары Яков Заяц жауапқа алынды. Оның айтуынша, құйтырқы әрекеттің барлығы қашқын экс-шенеуніктің пәрменімен жүзеге асқан.
Автор: Мақсат Мәлік
07.08.2018
Яков Заяц , айыпталушы:
-Ол мені құртамын, жоямын деді. Ең қызығы мен қол қойдым ба, қоймадым ба, оның маңыздылығы жоқ еді. Керек десеңіз, мен көптеген құжаттарға қол қоймадым, бірақ ол рәсімдеп отырды. Жер телімдері, жылжымайтын мүлік бар. Себебі ол нысанын өзгертіп, сатуға заң бойынша құқығы бар жетекші болатын.
Бірнеше эпизод бойынша айыпталған Яков Заяц 1998-2004 жылдары сол кездегі Алматының әкімі Виктор Храпуновтың орынбасары қызметін атқарған. Оның мәліметінше, экс-әкімнің қысымымен заңсыз құжаттарға қол қойыпты. Бірақ, айыпталушы өзіне тағылған кінәні мойындады. Бүгін тек 6 адам жауап беріп үлгерді. Сот отырысы ертең де жалғасады. Алайда, жауапқа тартылғандар Храпуновтың дегеніне көніп, опық жегендерін жеткізді. Айыптау актісіне сәйкес, Виктор мен жары Ләйлә Храпунова ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, соған жетекшілік еткен. Ал, сот залындағы 9 адам Храпуновтар отбасымен бірге бюджет қаржысын жымқыру, мемлекеттік жылжымайтын мүлікті иелену, пара алу және сол арқылы аударылған қаржыны заңдастырумен айналысқан. Қазір Швейцарияда тұрып жатқан Храпуновтар мемлекетке 250 миллион доллардан аса шығын келтірген. 400 томға жеткен істе 200-ден астам куәгер бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!