Әмірдің қолын сындырған кім? Ата-анасы балабақшаның үстінен арыз жазды
Астаналық отбасы 1 жасар ұлының балабақшадан зәбір көргенін айтады. Рентген суреттері оң қолындағы сүйегінің сынғанын көрсетіп беріпті. Бұны балабақшадан көрген ата-ана құқық қорғау органдарына арызданып қойған. Ал тәрбиешілері болса, оқыс өз үйлерінде болған. Енді сылтауратып, бізден ақша бопсалап жүр дейді. Тараптардыербол Тұрымбет тыңдап қайтты.
09.08.2018
Әмір қазір де жылайды. Ауырсынады. Сынығы осыдан бес күн бұрын анықталған еді. Жілігі иықтан төмен, шынтаққа жақын тұстан сыныпты. Содан бері қолына гипс салынған. Анасы көтеріп әрең жұбатып жүр. Құлыншағымның қолын сындырып қойды деп жанын қоярға жер табар емес.
Айнұр Тасболтаева, Әмірдің анасы:
- 11-де алып барып тастадым. Балам нормально жүрді оған дейін еңбектеп, асханаға барып, туалетке барып. Қолына бергенде кішкене жылады да қойды. Сосын мен кешке таман жұмыстан келіп 7-де барып алдым. Не, балам ұйықтап қалды ма, тыныш деп былай кірген едім, олар айтты, жоқ баланың температурасы шығып тұр кішкене деді.
Ал әкесі болса ашулы. Қолын сындырғаны былай тұрсын, ақша ұсынып бәле қылды дейді. Бірақ ұлымның амандығы ғана керек деген ол балабақша тәрбиешісінің әділ жазаға тартылғанын қалайды.
Еркін Мадалиев, Әмірдің әкесі:
- Ашумен сөйлестім, маған келісейік дейді, балабақшадағылар. Мен айттым, 1 қоям алдына сосын артына 7 нөл қоям, сосын баламды алып кетем. Сенің жүз миллионың маған керек емес. Менің баламның денсаулығы дороже.
Балабақша дегені көпқабатты үйдің екінші қабатындағы пәтер. Оны балконға жапсырылған мына қағаз ғана айтып тұр. Әйтпесе аузы-мұрны жоқ отаудың өзі дерсіз. Есігінде ештеңе жазылмаған, пәтердің нөмірі де жоқ. Бізді де кіргізбей, даладан қайтарды. Әйтсе де Еркін ішіне бір кіргенде мына кадрларды түсіріп алыпты. Тәрбиешілердің бірі Әмірдің әрең отырғанын көріпті.
Сол күні балаларға бас-көз болған тәрбиеші бет-жүзін көрсетуден қымсынып, жағдайды телефонмен ғана баяндап беруге келісті. Айтуынша, олардың бұл жағдайға қатысы жоқ. Жарақатты үйінде алған болуы мүмкін. Ата-анасы баласын бұлдап, ақша жасап алғысы келеді дейді.
Саламат, «Саламат» шағын балабақшасының бас тәрбиешісі:
- Мен айтам, қалай балабақшада болды ол, бір күн өтіп кетті ғой, үйде болған жағдай ғой бұл десем, жоқ, балабақшада болды дейді. Сосын ол айтады, енді не істейміз, сіз бізге дейді, қомақты ақша сұрайды менен. Ақша бересіз. Әйтпесе үстіңізден арыз жазам дейді. Ол кісі менен 3 миллион деді, 5 миллион деді. Қасында екі жолдасы, үшеуі маған жабылып, қорқытып, үш күннен бері балабақшаға келіп қорқытады бізді.
Бүгінде Астанада ресми тіркелген 177 жекеменшік балабақша бар екен. Бірақ, сыртынан беймағлұм көрінген мына мекеме солардың арасында жоқ болып шықты. Сондықтан, тиісті орындар оның заңсыз жұмыс істеуі мүмкін екенін айтып отыр.
Берікбай Берлібаев, Білім сапасын бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
- Ол жерде мемлекеттік жалпыға міндетті білім стандартын жүзеге асыру керек, міндетті түрде. Оның ішінде сол балалардың күн ұзағында демалатын, ойнайтын алаңқайлары болу керек. Ол қоршалған болуы керек, егер ол көпқабатты үйде орналасқан болса сіз айтқандай екінші қабатта орналасқан болса, онда кондоминум туралы өзінің тәртібі бар ғой, оған қайшы келеді деп ойлаймын.
- Қалалық білім басқармасының мәліметінше, бүгінде Астанада 24 мың бүлдіршін балабақша кезегінде тұр. Сондықтан, мамандар еш жерде тіркелмей-ақ, жасырын жұмыс істеп жатқан балабақшалардың көп болуы мүмкін екенін айтып отыр. Ал жасы бірден енді асқан Әмір ауыр жарақатқа тамыздың төрті күні тура туған күнінде тап болыпты. Ата-анасы полицияға арызданған, қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!