Америкада үш қыздың соты басталды
АҚШ-та алаяқтық жасады деп айыпталған қазақстандық үш әйелге қатысты сот отырысы басталды. Алғашқы тыңдалымда отандастарға қандай айып тағылғандығы ғана айтылды. Ал келесі отырыс қазан айында өтпек. Тұтқындалғандардың туыстары жат жұртта жазықты болып жатқан келіншектің тағдыры үшін алаңдаулы. Себебі күдікті Диораның анасымен де байланыс үзілген.
09.08.2018
Үш бірдей отандасымызға қатысты сот Нью-Йоркте өтті. Алғашқы сот алды тыңдалымда олардың қандай баппен айыпталып жатқаны айтылды. Ал келесі сот отырысы шамамен екі айдан кейін өтеді. Оған дейін тергеушілер ұсталған 25 адамның әрқайсысының қылмыстық істе атқарған рөлін анықтауы тиіс.
Айбек Смадияров, ҚР СІМ ресми өкілі:
-Отандастарымыз қылмыстық жолмен ақша жымқырды деп айыпталып жатыр. Оларға Қазақстанның Нью-Йорктағы бас консулдығы барынша көмек қолын созуда. Жақындары және адвокаттарымен де байланыста өтырмыз.
Жат жұртта басы дауға қалғандардың жақындары олардың тағдыры үшін алаңдаулы. Бізге күдікті Диора Ашированың жездесімен жүздесудің сәті түсті. 42 жастағы азаматтың айтуынша, тұтқындағы балдызының 3 баласы бар. Үлкені 10, кенжесі 3 жаста. Өзі Америкада үй күтушісі болған екен. Сондықтан Ильхом Маматов Диораның жұртқа кесірін тигізуі мүмкін емес дейді.
Ильхом Маматов, Диора Ашированың жездесі:
-Балдызыма ауыр айып тағылған. Оның тағдыры бізді бей-жай қалдырмайтыны анық. Қазір не ойларымызды білмейміз. Диораның анасымен де байланыс жоқ. Бұрынғы телефон нөмірлеріне де жауап бермейді. Балалардың жағдайы не болып жатыр, ол да белгісіз.
Бір қызығы қамауға алынған үшінші әйел Елена Құдайбергенова жайлы әзірге еш жерде ақпар жоқ. Тіпті Диораның әкесі де жездесі де оны танымаймыз дейді. Соған қарағанда тұтқындалғандардың бір біріне туыс дегені жаңсақ әңгіме болуы да ғажап емес. Еске салсақ, АҚШ-та алаяқтық жолмен ретро-көліктерді сатты деген күдікпен жалпы саны 25 адам қамауға алынған. Күдіктілер ТМД құрамындағы 8 елдің азаматтары. Үшеуі қазақстандық.
Олардың кінәсі дәлелденсе АҚШ заңы бойынша 30 жылға дейін түрмеге жабылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!