Алматыда «Саяхат» саудагерлері бас көтерді
Алдағы жылдың басына дейін уақыт берсін! Алматыдағы Саяхат базарының саудагерлері тағы да наразылық білдірді. Ұзақ жылдар бойы осы сауда орнында нәпақа тапқан 300-ге жуық адам базар басшысынан сүру жұмыстарын шегеруді сұрап отыр. Алайда жер иесі төрт күннен кейін нысанды түгел тып-типыл етіп, орнын босатпағандарды күшпен шығарамақшы.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
10.08.2018
Саяхат базарында киім-кешек, азық-түлік сатып, жан баққан саудагерлерге тықыр таянды. Дегенмен, «Базар сүріледі» деген хабарды кеш естідік деп ашынған халық орнымыздан тапжылмаймыз деп бекінген. Себебі, саудагерлер алқам-салқамы шыққан базардың иесі ақша жинаудан басқа ештеңе жасамады деп ренжулі.
Манар Бейсенбаева, саудагер:
- Договорымыз 2018-ге дейін. Мейлі, сентябрьдің аяғына дейін көндік. Олар ана жақты нагло жауып жатыр. Жекеменшік деп. Ақша алып осы уақытқа дейін тойынғандар біздің жағдайымызды ойламады. Біз енді оларды түсінбейміз. Трактормен итеріп тастаймыз дейді. Ол бола ма?
Манар сынды он жылдан бері базар арқылы күнін көріп келген 300-ге жуық саудагер бар. Несие алып, қарызға белшеден батқан жұрт енді шиеттей-бала шағаны қалай асыраймыз дейді.
Ажар Аманжолова, саудагер:
- Кіресіңдер, базар қыласыңдар деді. Базар қылдық. Енді көтеріліп келе жатқанда осылай істеп отыр. Бала-шаға оқуға бару керек. Кредит алдық бәріміз. Жолды жауып, халықты кіргізбей жатыр. Сауда болмасын специально істеп жатр.
Ескерту қағазын тараттық деп азар да безер болған базар қожайынына саудагерлер сұрақтарын жаудырып, қыспаққа алды. Алайда басшы өзінің 4 гектар жерінен өз еркімен кетпегендер заң алдында жауап беретінін айтты. Ол мұнда жаңа сауда орталығын салмақ екен.
Ержігіт Сәрсенбеков, базар басшысы:
- Стройка басталайын деп жатыр. Бұл частный территория. Бұл жер кезінде временно берілген. Подготовительный жұмыстарға дайындалып жатырмыз. Техника безопасности үшін біз территорияны жаптық. Жаңа сауда орталығына келсін пожалуйста орын береміз.
- Базар әкімшілігі ұзақ жылдар бойы нәпақа тапқан саудегерлерге түгел босату үшін 4 күн уақыт беріп отыр. Олар бұл аумаққа сауда орталығын салмақ. Әйтпесе, мына менің ту сыртымда тұрған техникалармен нысанды қиратып, саудегерлерді күшпен шығарамыз дейді.
Қуса да кетпейміз деп айғай-шу шығарып жүрген саудагерлерге басшылық жаңадан бой көтеретін сауда орталығынан орын беруге дайын. Алайда бұл ұсынысқа сенбейтін халық сүру жұмыстарын алдағы жылға дейін шегермесе, аштық жариялаймыз деп бел буған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!