Астаналықтар қоғамдық көліктерін таппай жүр
Автобустар қайда кеткен? Астана тұрғындары қоғамдық көліктердің неге азайып кеткенін түсіне алмай дал болып жүр. Бір бағытта шамамен орташа 10-12 автобус жүріп тұруы керек. Ал осы күні олардың саны екі-үшеуге дейін қысқарып қалған. Жолаушылар аялдамаларда әйтеуір келсе болғаны деп, автобустарын сағаттап күтуге де дайын.
Автор: Ербол Тұрымбет
10.08.2018
Осы күндері Астана көшелеріндегі аялдамаларда адам қарасы әдеттегіден көп. Өйткені автобус жоқ. Қоғамдық көліктердің қайда жоғалып кеткенін ешкім білмейді. Бәрі де төзімін сынға салып тұр.
Көбісі шыдамай кетіп қалады. Араға бір жарым сағат салып келген автобусқа ең шыдамдылары ғана мініп жатыр.
- Жолақы төлемінің жаңа жүйесі жолаушылар ғана емес, жүргізушілерді де біраз әбігерге салып отыр. Дифференциалды тарифтің енгізілуімен бірден елу жүргізуші жөз еркімен жұмыстан шығып кеткен. Мәселен, біз тұрған №50 бағытта бұрын 12 автобус болса, қазір 3 қана автобус қатынап жүр.
Өйткені, көлік айдайтын адам жоқ. Жұмысын қимай-қалған екі-үш жүргізуші ғана демалыссыз шығып жүр. Жұмыс ауыр дейді. Бар мәселе жалақының аздығынан.
Дүйсенғали Шортанбаев, №50 бағыттағы қоғамдық көлік жүргізушісі:
- Жалақы берсе келеді ғой. Таңғы бесте тұрасың, 6-да желіге шығасың. Одан кешке дейін түнгі 12-лерде үйге барасың. Сонда тәулігіне 4-5 сағат ұйықтайсың. Қазірдің өзінде жүргізуші жетіспей жатыр. Бір жетіде бір-ақ рет демаламыз. Ұйқым келіп келе жатыр осы тұрғанда, қалғып, көзім бүйтіп-бүйтіп.
Автобустардың аяқасты азайып қалғанын «Астана LRT» компаниясы да растап отыр. Ол бас қаланың қоғамдық көлік саласын қадағалайтын компания. Айтуларынша, жаңадан енгізілген дифференциалды тариф жұртқа қолайлы болғанымен, жүргізушілерге жақпай қалыпты.
Науат Азанбаева, «Астана LRT» ЖШС қоғаммен байланыс қызметінің жетекшісі:
- Ол бәріне бірдей тиімді болған жоқ. Өйткені, кейбір жүргізушілер автобустарды жалға алып, оларға қолма-қол ақша төлеген жақсы болатын. Қазіргі таңда оларға тиімсіз болып отыр. Ол келісімшарттың кейбір талаптары өзгертілді. Біріншіден, ол жүргізушілерді жұмысқа алу. Оның жалақылары 300 мыңнан астам болу керек.
Яғни, бүкіл автопарк басшыларына осындай талап қойылған. Жүргізушілердің біліктілік орталығын ашып, жаңадан келіп жатқандарды немесе жұмыстан кеткендерді қайта қабылдап, арнайы дайындықтан өткізуге кіріскен. Сондықтан, жағдай 5 күннің ішінде қалыпқа келеді дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!