Тараздық жаттықтырушының әрекеті жұртты шошытты
Тараздық жаттықтырушының әрекеті жұртты шошытты. Әлеуметтік желіде тараған бейнекөріністе мектеп жасындағы оқушылардың намаз оқуына тыйым салған азамат жайнамазды аяғымен теуіп, сәждеге тұрған балаларды балағаттап, бөлмеден желкелеп алып шығады.
Автор: Руслан Әбдіхалық
13.08.2018
- Жиналыңдар ей, оу, мен кімге сөйлеп тұрмын?! Кімге сөйлеп тұрмын, жүр, двай, таста!
Қасиетті төсенішті қорлау сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде тез тарап, қызу талқыға түсіп жатыр. Бұл оқиға атқамінерлерді де дүрліктірді. Тіпті спорт басқармасының басшысы шұғыл түрде босы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Нұрбол Жүнісбековтің айтуынша, жайсыз жағдай Тараздағы спорт кешендерінің бірінде, дарынды балалар мектеп интернатына футболшыларды іріктеу жиыны барысында болған. Жаттықтырушы Алмат Баетов бөлмелерінен шықпай намаз оқып жатқан шәкірттеріне осындай дөрекілік танытыпты. Қазір бұл мәселеге қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр. Ал жаттықтырушының өзі жағдайды түсіндіруге құлықсыз. Ол тілшілерді көре сала, алды-артына қарамай қаша жөнелді.
- Бір минутқа бола ма?
- Жоқ, асығып барамын. Без комментариев.
Нұрбол Жүнісбеков, Жамбыл облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда мән-жайды анықтау үстіндеміз. Бірақ, педагогикалық әдепті бұзғаны үшін жаттықтырушы міндетті түрде жұмыстан босатылатын болады. Ары қарай да жұмыс жасаймыз, неліктен мұндай оқиға болғанын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!