Доллар құнының өсуі еліміздегі тауар бағасын шарықтатып жіберді
Доллар құнының өсуі еліміздегі тауар бағасын да шарықтатып жіберді. Импортты айтпағанда, отандық өндірушілердің өзі өнім ақысын бірнеше пайызға еселетіп жіберген. Өйткені өндіріске қажет шикізатты шетелден долларға сатып аламыз деп түсіндіреді. Ал депутаттар теңге девальвацияға ұшырады деп қазірден-ақ қара аспанды төндіруде.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
13.08.2018
АҚШ валютасы ырыққа көнбей долданып, төл ақшамызға қатысты бағамы күн санап шарықтап келеді. Бүгін бір доллар 363 теңгеден бір-ақ асты. Ал ақша айырбастау пунктерінде шетел валютасы 365-366 теңгеден саудаланып жатыр. Ресейге салынған санкция салқыны импортқа тәуелді Қазақстан экономисына кері әсер етуде. Дүкендерде қарапайым азық-түліктен бастап, дәрі-дәрмек, тұрмыстық техниканың бағасы қымбаттауда.
Ұлттық валютаның әлсіреуі әсіресе жаңа оқу жылы қарсаңында балаларын сабаққа жіберетін ата-аналардың қалтасына қатты салмақ түсіруде. Онсыз да құны аспандайтын мектеп формасы мен қалам-дәптердің бағасы долларды сылтауратып тағы да шарықтай түскен.
Галина Аликанова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Шетелден келетін тауарды айтпағанның өзінде ішкі өнімдердің де бағасы қымбат. Олар не үшін бағаны көтеретінін түсінбеймін. Базардағы бағаларды көріп шошыдым. Бір баламды толық мектепке дайындау үшін кемінде 100 мың теңгең болу қажет. Қарапайым қарындаш-қаламдардың өзі 10-15 пайызға өскен.
Қымбаттағандардың қатарында құрылыс тауарлары да бар. Мәселен, түсқағаздан бастап, темір шатырлардың бағасы да шамамен 10 пайызға өскен. Ал, шетелден тауар тасымалдайтын кәсіпкерлер бағаны көтермесе шығынға батамыз деп шырылдайды.
Серік Жұмалие, кәсіпкер:
- Біз алған бағамен халыққа қайтадан бере алмаймыз.Сол себептен, қымбаттатуға мәжбүр боламыз. Бағаны бір қалыпты ұстап отырсақ, не только убыдка жабылуға дейін апарады.Көптеген адамдар жұмысынан айрылуы мүмкін.
Азық-түлік, дәрі-дәрмекке де 5-10 теңгеден қосылып жатыр. Сондықтан 60-70 мың теңгемен күн көріп отырған зейнеткерлер әр тиынды үнемдеуге мәжбүрміз дейді.
Сұлу Әбдікәрімова, зейнеткер:
- Бір қымбаттап жатыр. Дәріханалар 10-15 теңгеден қосып жатыр. Зейнетақымның жартысы дәрі алумен кетті. Азық-түліктің бағасы еселенген. Ақшамды әрең жеткіземіз.
Сарапшылар теңгенің құлдырауы үш жыл бұрыңғы антирекордқа жетуі ықтимал деп отыр. Себебі, Ресейге салынған санкциялар 22 тамызда күшіне енсе, рубльге байлаулы теңгенің ахуалы тағы да қиындай түспек. Ұлттық Банктің интервенция жасауы ақшаны далаға шашуымен бірдей дейді.Әлібек Аллияров, экономист:
- Интервенция жасауға қанша ақша кетеді.Бөлінген ақшаның әсері бола ма, болмай ма. Себебі, 22 августтағы санкция дейінгі әсері болып жатыр қазір. Одан кейін не болатынын айту өте қиын.Құтылу жолы өзіміздің ішкі өндірісті дамыту. Сондаға курстың төмендеуінен өзімізді сақтай аламыз.
Ал депутаттар қазірден бастап девальвация деп қара аспанды төндіруде. Мәжілісмен Аманжан Жамалов наурыздан бері 14 теңгеге құнсызданған төл ақшамыздың хәлін басқаша түсіндіруге болмайды дейді. Сондықтан үкімет шұғыл түрде теңге бағамын ұстап қалуға кірісу қажет. Осы тұста санкция салынған Ресейдің өзі Қазақстан сияқты мұнша үрейге бой алдырып отырған жоқ. АҚШ -тың қаһарына ұшыраған Түркияның лирасы 20 пайызға құлдырады. Бірақ өндірісі жолға қойылған бауырлас елге Американың санкциясы шыбын шаққан құрлы болмады. Тіпті доллардан бас тартып, шетелдік әріптес елдерімен ұлттық валютасында есеп айырсуға дайындалып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!