Павлодарда ауыл жұрты төрт түлігіне жайылым таппай қиналып отыр
Павлодар облысында ауыл жұрты төрт түлігіне жайылым таппай қиналып отыр. Ақтоғай ауданындағы Әбжан елді мекені тұрғындарының айтуынша, атқамінерлер маңайдағы жерді түгел агроөнеркәсіп саласына
Автор: Әйгерім Шакаманова
14.08.2018
беріп тастаған. Сондықтан жайылым тарылып, мал бағатын жер қалмапты. Ал еркіне жіберілген төрт түлік егістік аумағына түссе, сау қайтпайтын көрінеді.
Әбжан ауылы тұрғындарының айтуынша, бүгінде қолда мал ұстау қиындап кеткен. Өйткені айналаның бәріне кәсіпкерлер көкөніс егіп тастаған. Ал кейбірі қосымша жер алып, жұмысқа енді кірісіпті. Соның кесірінен ауыл маңында жайылым қалмаған.
Көктемге дайындық жұмыстарын қызу бастап кеткен агроөнеркәсіптік кешен алдағы уақытта мұнда картоп, сәбіз, қызылша және жүгері егуді жоспарлауда. Бұл өз кезегінде ауданда жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізбек. Бірақ бұған қуанып отырған ауылдықтар жоқ. Өйткені егістік аумағы артқан сайын маңайда мал бағатын жер қалмады дейді олар.
Бүгінде елді мекенде 600 сиыр, 400 жылқы мен мың жарымға жуық қой бар. Аяқты мал жайылып жүріп жекенің жеріне түсіп кетсе, сау оралмайды екен. Бірі дәріге уланса, екіншісі егістік аумағындағы жыраға түсіп арам қатады.
Сейіл Жақсылықұлы, Әбжан ауылының тұрғыны:
- Шегіртке кірмесін, қоңыз түспесін деп содан уларды апарады да, жыраның жиегіне сеуіп тастайды. Оған барады да ауылдың аз ғана малы бір қойы болса бір қой, ешкісі болса ешкісі өліп жатады, сұмдық қой мынау, халықтың жансақтау күнкөрісі ғой.
Саят Әліпбиев, Әбжан ауылының тұрғыны:
- Бір сиырым жоқ кешке келгенімде. Іздеп іздеп, бір жұма іздедім жоқ, ауылды бәрін шарлап, атпен іздедім, кісілер көмектесті, трактормен іздедік, таба алмадық. Содан бір жұмадан кейін мына ауылдың жанында даладағы будканың жанында бір шақырым жерде шұңқырға түсіп өліп қалыпты.
Жұрт елді мекен маңындағы жерді түгел жекенің қолына өткізген атқамінерлерге ашулы. Өйткені зиратқа баратын жолды да жауып тастапты.
Қайыр Мұхамеджанов, Әбжан ауылының тұрғыны:
- Бір жыл ашты, қыстыгүні ашып жүрдік, енді қазір жауып тастады, жол түгел жоқ. Сыртынан тағы поля салайын деп жатыр сол жаққа. Енді қыстүгіні қар басады, қазып тастайды, бір тікұшақпен бармасақ, бара алмайын деп тұрмыз.
Шенеуніктер болса, ауылда қазір мал саны аз дейді. Ал жұрттың жайлаудағы төрт түлігіне жақын маңнан жайылым табылады деп жайбарақат отыр.
Ермек Машырықов, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:
- Әбжан ауылында табынға шығып тұрған сексен бас мал, қалған малдары олардың қырды жайлауда бойдақта, сондықтан қобалжитын жағдай жоқ. Мал ауылға келген кезде қыста тоғай жерін қысқартып отырған жоқпыз. Шабындық бар, шөптерін дайындайды. Халық барлығын біледі. Жем-шөппен қамтамасыз етіледі.
Ал төрт түлікпен жан бағып отырған жұрттың атқамінерлердің бұл сөзіне сенгісі жоқ. Өйткені қазірдің өзінде маңайда мал түгілі, адам басатын жер қалмаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!