Алматы облысында шаруалардың егіні қурап қалғалы тұр
Сарсаңға салған су. Алматы облысының шаруалары егістіктерін суара алмай, қиналып жүр. Тіршілік нәрінің ақшасын төледік дегенмен, жауапты мекеме өз міндетін атқармай отыр дейді олар. Ал «Талғарирригация» кәсіпорыны керісінше шаруалардың берешегі болғандықтан осындай жағдайға тап болғанын айтады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
15.08.2018
Еңбек еш кетпей ме? 80 гектар соя еккен Зүбайда Оразбекова осылай деп алаңдайды. Жаздың басында су тасымалдаушы мекемеге бір миллион теңгесін де берген. Бірақ бүгінге дейін бір тамшы да жеткізбегендердің жауапсыздығынан енді соям күйіп кетпей ме деп күйінеді.
Зүбайда Оразбекова, шаруа:
- Бір де бір рет суара алмадым. Су осы жерге дейін жетпеді. Арғы жақта екі тоған бар. Ол жақтан да ала алмай отырмыз. Қанша жерден айтсақ та елеп жатқан ешкім жоқ.
Зүбайда секілді басқа шаруалардың да күні осы арыққа қараған. Бірақ қазір оның өзінде тілерсектен ғана келер су бар. Гидроқұрылымның қожайындары болса 5 млн берешектері бар кәсіпкерлер сау бастарына өздеріне сақина тілеп алды дейді.
Еркінбай Құндыбаев, «Талғарирригация» МКК учаске бастығы:
-Су бар. Бірақ уақытында ақшасы төленбей тұр. Бізге қаржы түспесе қалайша су жібереміз? Оның үстіне түскен ақша гидроқұрылымды күтуге, штаттағы жұмысшылардың шығындарына жұмсалады.
«Талғарирригацияның» өзі суды үлкен Алматы арнасынан алады. Ал ондағы қазіргі жағдай мүшкіл. Су деңгейі түсіп кеткен.
Мұрат Жұмажанов, Үлкен Алматы арнасы директорының міндетін атқарушы:
-Қазіргі уақытта ешкімді судан ажыратып жатқан жоқпыз. Бартоғайдағы филиал суды келісім-шартқа сәйкес беріп келген. Бірақ оларда судың қоры өте аз қалды.
Су пайдаланушы кооперативтер ең алдымен арық жүйесін жөнге келтіру керек деген пікірде. Арадағы делдалдардың кесірінен соңғы жылдары су құны текше метріне бір жарым есеге қымбаттап кеткен. Алматы облысы атқамінерлерінің суару жүйесін ретке келтіруді қолға алғандарына бірнеше жыл болды. 2020 жылға дейін қосымша 127 мың гектар суармалы жер егістікке берілуі тиіс. Бірақ шаруалар суға қатысты арнайы ережелер енгізілмей, істері оңға баспайтынын айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!