Құрбан айт қарсаңында қасапшылар дәріс тыңдады
Биыл құрбандық шаламын деушілерге Алматыда 20-дан астам арнайы орын дайындалған. Ол жерлерде қасапшыларға дәрістер өткізіліп, малды мұсылмандық жолмен сою ережелері түсіндірілуде.
Автор: Олжас Байжан
15.08.2018
Исламдағы ең ұлық мереке – Құрбан айт 21 –тамыз күні басталады. 3 күнге созылатын діни мейрамда жағдайы бар әрбір мұсылман аша тұяқты малды сойып, жоқ-жітіктерге үлестіруі керек. Алматы жұрты үшін айт намазы таңғы 7-де оқылса, елордалықтар 7:15-те бастайды. Дін өкілдері мереке қарсаңында мал бағасын көтермеуді сұрағанымен жыл сайынғы жағдай қайталанатын сыңайлы. Қазірдің өзінде ұсақ малдың бағасы 30 мың теңгеден басталып отыр. Айта кетерлігі құрбандыққа бір жасар қой-ешкі, екі жасар сиыр, бес жасар түйе шалынады. Сойылатын мал арық, ақсақ, соқыр, шұнақ, мүйізі сынған болмауы тиіс. Ұсақ малдың сауабы бір отбасыға тисе, сиыр мен түйені 7 жанұя қосылып шалуына рұқсат етілген. Құрбандықтың еті теңдей үшке бөлінеді. Бірі өз отбасына қалдырылса, екіншісі көрші-қолаңға, үшіншісі мұқтаж жандарға таратылып берілуі тиіс.
Еркінбек Шохаев, Алматы орталық мешітінің бас имамы:
– Құрбандық шалғысы келетін кісілердің шаруасын жеңілдетіп, ірі қара шаламын десе, 7 адамның қаражатын біріктіріп, ірі қара шалуды ұйымдастырып беріп жатырмыз. Уақ мал шаламын десе оған да ұйымдастырып беріп, 21, 22,23 күндері осы акцияны өткізетін боламыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!