Қымыз бен шұбатқа сұраныс азайды дегендерге қарсы шыққандар табылды
Елімізде қымыз бен шұбат өндірісі тұралап тұр. Мониторинг агенттігі жүргізген зерттеу бойынша ұлттық сусындарымызға соңғы жарты жылда сұраныс та азайыпты. Алайда, қымыз, шұбат өндіріп, ата кәсіппен айналысатын шаруалар сапалы әрі таза табиғи өнімді таңдап тұтынатын халықтың қарасы мол екенін жеткізді.
15.08.2018
Бүгінде пластик құтыға құйылған қымыз бен шұбат дүкен сөрелерінде самсап тұр. Бірақ құрамы ұзақ сақталу үшін қоспа араластырылған бұл сусындардың дәмі таңдайға тати қоймайды. Сондықтан өндірістен шыққан ұлттық өнімді тұтынатын адамдардың саны аз. Ал, мынандай күдібе пісіп, бабымен дайындалған бал қымызға сұраныс ешқашан азаймаған.
Бие сауып, қымыз баптайтын шаруалар да ұлттық сусын қоспасыз таза әрі сапалы болуы керек дейді. Дәмді қымыздан қанып ішкеннен кейін қайта айналып соқпайтындар кемде-кем екен. Халықтың дертке дауа, жанға шипа болған бие сүтінің дұрыс ашымаған, тазалығы күмәнді екенін оңай ажырата алады дейді.
Марат АЙНАБҰЛАНОВ Шаруа қожалығының басшысы:
-Адам жыл сайын көбейіп жатыр. Сұраныс артты деп ойлаймын. Ең бастысы, сусынның сапалы болуы.
Алайда, сүт өнімдерінің арасында ұлттық сусындарымыздың өндірісі тұралап тұрғаны қынжылтады. Жарты жылда сүт пен қаймақ өндірісі 9,8%-ға,ірімшік пен айран 16,9 % артса, қымыз өндірісі керісінше 15%, шұбат бірден 32% азайған.Осы орайда, кәсіпкер Ахметбек Нұрсила ұлттық сусындарымызды өндіру технологиясы бір ізге қойылмағанын жеткізді. Әсіресе, баптауды талап ететін сапалы қымыз, шұбатты зерттейтін мамандар жоқтың қасы.
Ахметбек НҰРСИЛА МАРКЕТОЛОГ:
- Бір аптадан артық қымыз шыдамайды. Өйткен ол табиғи өнім. Табиғи өнімді ұзақ сақтау үшін тек қана консервация жасау керек. Ал, басқа сүт өнімдері ұзақ зерттелген. Оның ашытқысы закваска дейді сонымен шығарылған. Оған түрлі-түрлі милиардтаған ақша салынған. Зерттелген өндіріске қойылған. Қымыз, шұбат өндірістік жолға қойылмаған.
Қымыз бен шұбаттың емдік қасиеттеріне Жапония мен Батыс Еуропа елдері де ерекше қызығушылық танытып, оның емдік қасиетін мойындаған. Қымыз өндіретін кәсіпкерлер ата-бабамыздан мұра боп қалған тамаша сусынымызды брендке айналдыру қажет екенін айтады. Сонда ғана түрлі аурулардың алдын алып, салауатты ұрпақ тәрбиелейтін едік дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!