Павлодар облысында тұрмыстық техникасы күйіп кеткен жұрт өтемақы талап етті
Павлодар облысында электр жүйесіндегі ақау кесірнен жұрттың тұрмыстық техникасы күйіп кетті. Су жаңа тоңазытқышы, теледидары мен қысқы толқынды пештері жарамсыз боп, шығынға батқан жұрт бұған жергілікті атқамінерлерді кінәлап отыр. Өйткені, олар былтыр ғана салынған тұрғын үйді әлі қалалық жарық жүйесіне қоспай, тоқты сол маңдағы құрылыс алаңынан тартып бере салған.
Автор: Әйгерім Шакаманова
17.08.2018
Үш балалы Махаббат Шайықова кеше болған оқиғадан әбден шошынып қалған. Электр желілерінің тұйықталуынан оның су жаңа тозазытқышы жанып кеткен. Сондықтан ыстықта бұзыла бастаған азық-түлігін туыстарының үйіне тасып әлек.
Махаббат Шайықова , Ақсу қаласының тұрғыны:
– Үйде болғаныма шүкір. Егер жұмысқа кетіп қалсам, балаларым тоққа түсіп қалар еді. Өйткені, тоқта тұрған ұялы телефонға дейін бықсып кетті. Оны өзім байқамағанымда, жағдайдың мүлде басқаша аяқталуы мүмкін еді.
Электр жүйесіндегі ақаудан осындай тағы бірнеше үйдің тұрмыстық техникасы жарамсыз болып қалған. Бірінің қымбат теледидары, екіншісінің қысқа толқынды пеші, үшінсінің тоқ шәйнегі жанып кеткен.
-Тұрғындардың айтуынша, мына электр сымдарын әлдебіреулер қолды қылмақ болған. Сол сәтте олар тұйықталып, пәтерлерде қосулы тұрған тұрмыстық техника істен шыққан. Шығынға батқан жұрттың енді өздерін заңсыз жарыққа қосқан атқамінерлерге өкпесі қара қазандай.
Ал тұрғын үйге былтыр электр жүйесін тартуы тиіс болған мекеме лицензиясынан айырылып, жұмыс шала аяқталған. Ал жұртқа пәтер кілттерін табыстап қойған атқамінерлер мына желілерді жермен тартып, жұрт уақытша жарықпен қамтылған. Ал далада жатқан кабельді қолды қылмақ болған бұзақылар ақыры оны кесіп тынған. Бұл аздай жаңа үйдің сапасы да сын көтермейді дейді тұрғындар.
Алтыншаш Қабиденова, Ақсу қаласының тұрғыны:
-Ұйықтап жатқанда әжетханадағы құбырымыз жарылды. Ып-ыстық қайнап тұрған су ақты. Күйеуімнің қолы бәрі күйіп, тоқтатқанша бәрін өз ақшамызға істеттік. Жаңа үй деген аты ғана міне. Біреуін істесек, екіншісі шығады. Екіншісін естесек, үшіншісі шығады, оның бәрі ақша ғой. Кредитте отырған адамбыз.
Ал атқамінерлер өздеріне шаң жуытар емес. Уақытша элеткр сымдарын орнатпағанымызда жұрт мүлде жарықсыз отырар еді дейді. Ал күйіп кеткен техниканың нақты неден істен шыққанын анықтау үшін арнайы сараптама жүргізу керек деп отыр.
Алтынбек Аманқұлов, Ақсу қаласы құрылыс бөлімінің жетекшісі:
- 20-шы тамызда бұған дейін болмаған арнайы құрылғы жеткізіледі. Сол кезде бұл үй аулада тұрған тоқ көзін тарату желісіне қосылады. Ал үй артында жатқан сымдарды ұрылар кесіп тастаған. Оларды табу үшін құзырлы органдарға арыз жаздық. Шығынды өндіріп алу үшін тұрғындарға арнайы сараптама жасатып, сотқа бару керек.
Бір жыл бұрын қолданысқа берілген су жаңа үйдің «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынғанын айта кетейік. Қазір 80 пәтердің 50-ін ипотека арқылы алған тұрғындар паналап отыр. Қоныс тойын тойламай жатып, шығынға батқан жұрт енді өздеріне баспана кілтін табыстаған тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мекемесінің үстінен сотқа шағым түсірмекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!