Сағадиев мұғалімдер толтыруы тиіс құжаттардың тізімін бекітті
Еліміздің мұғалімдері қағазбастылықтан құтылатын болды. Білім министрі арнайы бұйрық шығарып, ұстаздарды бар болғаны 5 құжат қана толтыруға міндеттеді. Сондай-ақ, ендігі жерде мектеп пен ата-ана арасында келісім-шарт жасалмақ. 1- ші қыркүйектен бастап жаңадан пәндер қосылып, педагогтар жаппай аттестациядан өтеді. Бүгін Астанада өткен тамыз кеңесінде жоғары білім саласындағы былық та сөз болып, министр Сағадиев пайдасы жоқ мамандықтарды тегіс жоятынын айтты.
Автор: Ербол Сейілхан
17.08.2018
Үкіметте білім саласына жетекшілік жасайтын Ерболат Досаев жиынға ерте келіп алды. Сүт пісірім уақыттан соң еліміздің бас мұғалімі де вице-премьердің соңынан іле-шала ішке жүгіріп кірді. Бұған аса мән бере қоймаған Досаевқа Сағадиев алдымен көрмедегі жетістігін паш етті. Сосын баяндамасын мектептерге 1-ші қыркүйектен енгізілетін өзгерістерден бастады.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
- "Рухани жаңғыру" аясында 5-7-ші кластарда "Өлкетану" курсы биыл алғаш рет енгізіледі. Оқулықтар мазмұнын өңірлерде құрылған авторлық топтармен бірге жасадық. Бүгінгі күні оқулықтар дайын. Өлкетануды сапалы жүргізуіміз қажет. Биыл информатика пәні 3-ші кластан басталады. "Цифрлық Қазақстан"бағдарламасының аясында информатика сабағы келесі жылдан 1-2-ші сыныптарға да енгізіледі.
Биыл 3, 6, 8-ші сыныптағылар мазмұны толық жаңарған бағдарлама бойынша оқиды. Сонымен қатар мектептерде әр балаға логин беріліп, дәріс интернет арқылы да жүргізіледі. Латын қарпімен "Әліппе" басылып ол тек келесі жылдан оқытылмақшы. Ал министр алғаш рет өз бұйырығымен мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқарғанын қуана хабарлады. Енді ұстаздар 1-ші қыркүйектен тек 5 құжатқа жауапты. Яғни журнал, күнделік толтырып, сабақ кестесі мен жоспарын жазудан басқа шимайға жоламауы тиіс. Оның үстіне директорлар артық құжат толтыруды талап ете алмайды. Әйтсе де, аттестациялау сынағы жалғаса бермек.
Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:
-Осы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа аттестациядан өткен өткен мұғалімдерге категорияларына сәйкес қосымша ақы төленеді. Аттестациядан өтпеген мұғалімдер оны биылғы жылдың қараша айында қайта тапсыра алады. Сонымен бірге биыл 100 мыңнан астам педагог республикалық бюджет есебінен біліктілік арттыру курстарынан өтеді.
Сағадиев мұғалімдерге үй аралауға тыйым салса да, жергілікті әкімдіктер оларды арзан жұмыс күші ретінде пайдалануын доғармай отырғанын ашына айтты. Бұндай түйткіл жоғары білім беретіндерде де көп. Ендігі жерде бас мұғалім бір-бірін қайталайтын түкке қажеті жоқ мамандықтарды шетінен жабамын деп сес көрсетті. Осы кезге дейін министрлік 17 оқу орнының мамандығының лицензиясын тартып алған. Саны көп сапасы жоқ колледждерге осындай талап қойылып, үдеден шықпағандары шәкірт оқыту құқығынан айырылады. Университеттерден бұрын Білім министрлігі орта білім берудің сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлмек.
-Сондықтан биылдан бастап мектеп пен ата-ана арасында келісім-шарт жасалады. Онда тараптардың міндеті мен құқығы және кімнің не үшін жауапты екенді тәптіштеп жазылмақ. Ал еліміздегі апатты жағдайдағы 124 мектепті қалпына келтіру мен үш ауысымда оқытуды жою үшін шенеуніктер әлі бірнеше жыл керектігін мойындап отыр. Айта кетейік, құлаудың алдында тұрған білім ошақтарының көбі Түркістан облысында екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!