Павлодарда жылу құбыры жарылып, жұртты біраз әбігерге салды
Жер астынан атқылаған тас аралас су төрт бірдей жеңіл көлікті зақымдап үлгерген.
Автор: Әйгерім Шакаманова
27.08.2018
Таң атпай қалалық аурухананың дәл алдында орын алған оқиғадан осы маңда болған жұрт шошып қалыпты. Атқылаған ыстық суға күйіп қалған ешкім жоқ. Десе, коммуналдық апаттан сол жердегі тұраққа қойылған төрт бірдей автокөлік бүлінді. Оқиға орнына жеткен монополистер болса, зақымданған машиналарды жөндеп береміз деп сендіруде. Айтуларынша, жер астындағы диаметрі 720 мм жылу құбыры қысымға шыдамай жарылып кеткен. Қазір апат аумағы қоршалып, шаһардың оңтүстік бөлігі ыстық судан түгел ажыратылған. Апат орнына жақында ғана тағайындалған шаһар әкімінің өзі келгенімен, жақ ашпады. Ал Павлодардағы барлық жылу жүйесінің 80 пайызының тозғанын ескерсек, мұндай жайттардың әлі де қайталануы әбден мүмкін. Ауруханаға көлігімен жетіп аяқастында жаяу қалған тұрғындар болса, амандықтарына шүкіршілік етіп отыр.
Ержан Жүсіпов, Павлодар қаласының тұрғыны:
-Бір бес минут қана болды машинадан шыққаныма, бірдеңе дүңк ете түсті. Енді айналып қарасам су ағып жатыр мына жерде. Айналып жүгіріп келгенде машинаның үстінде асфальт жатыр. Ішінде болмағаныма шүкір Алла сақтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!