Елімізде шенеуніктер мұғалімдерге құны 5 мың теңгеден асатын гүл сыйламауға кеңес берді
"Пара ма, сыйлық па?"...Ертеңгі алғашқы қоңырау алдында елімізде гүл саудасы қыза түсті. Сауда нүктелері мен базарларды жағалаған ата-аналар ұстаздарға ұсынатын гүл шоқтарын сатып алып әлек. Алайда, білім саласының жауапты мамандары педагогқа бағасы 4 мың 800 теңгеден асатын сыйлық жасамауға ескертеді. Тіпті, жақсылық жасаймын деген әрекетіңіздің соңы қылмыстық іспен аяқталуы мүмкін. Алайда, сатушылардың айтуынша, доллармен бірге гүлдің бағасы шарықтаса да, білім күні қарсаңында мұғалімге гүл сатып алушылардың қатары молайған. Ал, алғашқы қоңырау алдында қалтаны да қақпай, ұстазды...
Автор: Мақсат Мәлік
31.08.2018
ренжітпей қандай гүл сатып алуға болады?
Үйдегі оқушының мектепке қажет керек-жарағын әупірімдеп жүріп түгендеген жұрт тағы да абыр-сабыр. Яғни, қаладағы сауда нүктелерін жағалаған ата-аналар ертең соғылатын алғашқы қоңырауда мұғалімге сыйлайтын гүл шоқтарын таңдап әлек. Солардың арасында немересін ерткен Күләй Кисанова да гүл саудалап жүр. Бірақ, көңіл жүйрік болғанмен, барлығын қалта шешеді дейді зейнеткер.
Күләй Кисанова, Аматы қаласының тұрғыны:
-Мынау менің немерем. Ертең 1-қыркүйек оқу жылы басталатын болғасын базарға гүл алуға келгенмін негізі. Гүлдердің бағасы жылдан жылға қымбаттап жатыр. Былтырғыдан салыстырғанда биыл өте қымбат.
Баласының, не болмаса немересінің қалауын орындап, ертеңгі білім мерекесіне асыққан ата-аналар мұның барлығы ұстаздарға көрсеткен құрметіміз дейді. Алайда, қарапайым көзге мұғалімге гүл ұсынудың еш сөкеттігі байқалмаса да, артынан опық жеп қалуыңыз ғажап емес. Себебі, заң бойынша педагогқа құны екі айлық есептік көрсеткіш, яғни 4 мың 800 теңгеден асатын сыйлық жасауға болмайды. Тіпті, соңы айыппұлмен аяқталып, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Ал, алушының ақшасына қарай небір гүл дестелерін дайындайтын сатушылар, доллардың өсуімен қатар келетін қымбатшылықтың ешкімге оңай тимейтінін айтады.
Ахметжан Майхан, сатушы:
-Шетелден, Голландиядан келетіндер қымбат. 600,700 және 800 теңге тұрады. Олар доллармен алынады. Сондықтан қымбат. Әр талы.
Алайда, нарық заңдылығын шебер меңгерген сатушылар білім күніне орай арнайы гүл дестелерін сатып жатқанын айтады. Орташа бағасы 3-4 мың теңге. Әр талы 200-300 теңге тұратын раушан гүлдері де бар. Сатушылардың айтуынша, ата-аналардың көбісі мектеп табалдырығын алғаш аттайтын баласы үшін гүл таңдауға келеді екен. Ал, елімізде биыл 340 мың бала алғашқы қоңырауға баратынын ескерсек, бүгін-ертең гүл саудасы одан әрі қыза түсетіні ақиқат.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!