Назарбаев түркі тілдес елдердің болашағына қатысты бірқатар бастама көтерді
Түрі бөлек болғанымен, тілі ұқсас, түбірі бір туысқан халықтар! Қырғызстанда түркі тілдес мемлекеттердің алтыншы ынтымақтастық кеңесі өтті. Қазақстан өз төрағалығын көрші елге тапсырды. Ыстықкөл жағасындағы жиынға аталған кеңеске мүше Түркия, Қырғызстан, Қазақстан және Әзірбайжан президенттері және, кеңеске мүше болмаса да, Өзбекстан президенті мен Венгрия премьер-министрі қатысты. Бұдан бір күн бұрын олар Шолпан-ата қаласында үшінші дүниежүзілік көшпенділер ойынының ашылау салтанатын тамашалады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
03.09.2018
Әдетте базары тамыздың ортасынан кейін тарайтын Ыстықкөл жағасындағы тіршілік әлі қыз-қыз қайнап жатыр. Өйткені Шолпан-атадағы көшпенділердің үшінші дүниежүзілік ойынына 53 елдің өкілдері ат арылтып жеткен. Ұлттарды ұйыстырып, айрандай ұйытуда маңызы зор шара түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне тұспа-тұс ұйымдастырылған.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Шолпан-атаға кеше түс әлетінде ұшып келді. Траптан түсе сала бауырсақ пен балдан дәм татып, қырғыз президентімен кездесті.
Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың Сауранбай Жиенбеков президент болып сайланғаннан бергі бауырлас елге алғашқы сапары. Елбасы қазаққа қырғыздай жақын халық жоғын айтып, көрші елді тәуелсіздік алғаннан бері қолдап келе жатқанын атап өтті. Осыған дейін шекарадағы кеден бекетінде бірқатар кедергілер болған еді. Қазір ол олқылықтадың бәрі жойылған.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
-Екі ел болғаннан кейін әр уақытта мәселелер шығып тұрады. Сондықтан біздің үкіметтер соларды асқындырмай, шешіп отыру керек бәрін. Біз жағынан менің жағымнан, үкіметке сондай тапсырма берілді. Сондықтан мен тек қана табыс тілеймін! Сіз президент болғалы былтырғы желтоқсаннан бері көп кездестік. Көп мәселелер шешілді.
Күн ұясына батқанда Ыстықкөлдің жағасы жарқ-жұрқ еткен түрлі от шашудың шұғыласына шомылды. Ерекше сән-салтанатымен көшпенділер ойынының ашылу салтанаты өтті. Алғаш рет 2014 жылы жарыс осы Шолпан-атада басталған еді. Жалғасын 2016 жылы тапты. Араға екі жыл салып қайтадан айырқалпақты ағайындар айтулы доданы өз жерінде дүбірлетіп өткізуде.
Сегізінші қыркүйекке дейін жалғасатын шарада спорттың 37 түрінен әлемнің 53 елінен келген 2000-ға жуық спортшы бақтарын сынайды. Қазақстан бәйгеге қосқан спортшылар саны бойынша Қырғызстан мен Ресейден кейін үшінші орында. Ел намысын қорғауға 195-і келді. Ал жеңген құрамаға 26 млн сом, яғни 130 млн теңге сыйақы тағайындалған. Қатысушылар олимпиадағыдай туды көкке көтеріп, стадионда жүріп өтті. Спортшыларға елбасының өзі тік тұрып, қолын бұлғап сәттілік тіледі.
Бүгін таңертең түркі тілдес мемлекеттердің алтыншы ынтымақтастық кеңесі басталды. Биыл ғана 90 жылдығы аталып өткен ақтаңгер қаламгер Шыңғыс Айтматов атындағы Рух Орда мәдени орталығы президенттердің басы қосылған күлтөбеге айналды.
Келелі кеңеске дейін президенттер күншуақта көрісіп, қауқылдасып, өзара біраз әңгіменің тиегін ағытқандай. Осыған дейін бұл ұйымға Қазақстан төрағалық етіп келді. Жиынды ашқан Нұрсұлтан Назарбаев ендігі тізгін қырғыз бауырларға берілетінін айтты. Естеріңізге салсақ, 2015 жылы Астанада өткен соңғы саммитте сол кездегі қырғыз президенті Алмасбек Атамбаев келесі кеңесті Ыстықкөлдің жағасында өткізейік деп өзі ұсыныс тастаған болатын. Ұсыныс қолдау тапты. Бірақ, араға үш жыл салып қана бүгін жалғасын тауып отыр.
Биылғы басқосуға Нұрсұлтан Назарбаев, Сауранбай Жиенбеков, Шавхат Мирзяев, Режеп Тайып Ердоған, Илхам Әлиевтен бөлек Мажарстанның премьер-министрі Виктор Орбон да арнайы келген. Қазақстан президенті түркі кеңесіне мүше елдер сауда-экономикалық байланысын одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар, ұйым жұмысын жетілдіру керек екенін, қазіргі таңда ұйым хатшылығының мандаты техникалық және протоколдық ұйымдастырушылық мәселелермен шектелетінін айтты.
НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
-Түркі ынтымақтастығы институттары қызметтерінде қосарланушылық жиі кездеседі. Осыған орай ұйымымыздың тиімділігін функционалдық икемділігін және институттардың әлеуетін күшейту мақсатында мен келесіні ұсынғым келеді: Түркі академиясын, түркі мәдениеті мирасы қорын және ақсақалдар кеңесін ТҮРКСОЙ-менен біріктіру қажет. Барлығы ТҮРІКСОЙ-дың аясында жұмыс істесін. Бізге көп шенеуніктің қажеті жоқ. Оның барлығын біз басқа ұйымдардан көріп жүрміз.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы және өзге де ұсыныстарды сараптай, саралай келе Түркі кеңесінің заман талабына сай жаңғыру бағдарламасын ұсыну қажет деді. Сонымен қатар, саммит қорытындысы бойынша түркі тілдес елдердің интеграциясы құжаты қабылданды. Президенттер ұлттық спорт пен жастар саясаты мәселесінде ынтымақтастықты дамыту бойынша мәмілеге келді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!