Мысықтарды бауыздаған жігіт жындыханаға жабылуы мүмкін
Мысықтарды бауыздаған суреттерін әлеуметтік желіге жүктеген алматылық жігіт жұрттың жаппай ашу-ызасын тудырды. Өлекселермен бірге қанға малынған араны ұстап түскен Роман Чекмаревті, әсіресе, жануарларды қорғаушылар қатаң жазаға тартуды талап етіп отыр. Қаскүнемнің әрекетінен жаға ұстаған еріктілер прокуратураға шағымданып барды. Десе де, мысықтардың баскесерін жазалау оңайға соқпайтын сыңайлы.
Автор: Аруна Ортай
04.09.2018
Ғаламтордағы жұртты шулатқан міне мына суреттер. Мысықтардың кесілген бастары мен өлекселерімен бірге суретке түсіп, онысын әлеуметтік желіге салып жіберген Роман Чекмарев мұны әдейі істегенін айтады. Осы әркеті арқылы ол бұрынғы сүйіктісін жазаламақ болыпты. Ал суреттегі бауыздалған мысықтар болса жай ғана ойыншық екен.
Роман Чекмарев:
-Суреттегі өлген мысықтардың басы емес, ол манекен. Ол ойыншық! Оларды өзім қолдан жасап алдым. Ешқандай мысықты өлтіргенім жоқ. Ант етейін!
Жантүршігерлік әрекетімен елдің назарын аударған жігіт суреттер түсірілген жерді де көрсетті. Сөйтсе, ол өз моншасының іші екен. Жануарларға жәбір көрсетпедім деп ант-су ішкен жігіттің қолынан тырналған іздерді байқадық.
Дегенмен, күдікті іздер жігіттің білегінде ғана емес, моншада да бар боп шықты. Сөйтсек, жуынатын бөлменің жері қан екен. Жігіттің өзі де қанша жалтарғанымен, көршісінің мысықтарын бауыздағанын байқаусызда айтып қойды.
Роман Чекмарев:
-А чьи были кошки на фото? Чьи кошки были? На каком фото? Которые вы выставили?
Қаскүнемнің әрекетінен шошынған еріктілер оны жазалауды сұрап прокуратураға дейін барды. Мысықтарды бауыздағыш тұрғын жайлы полицейлер де хабардар екен.
Салтанат Әзірбек, Алматы қалалық ІІД ресми өкілі:
-Оның жүйке ауруына бір табан жақындығы бірден байқалып тұрады. Учаскелік инспектордың түсінігіне қарағанда да соңғы кездегі іс-әрекеттері ойға сыйымсыз боп табылған. Учаскелік инспектор соңғы бір айдың ішінде үш рет оған медициналық көмек шақырған болатын арнайы мекеменің медициналық көмегін. Қазіргі таңда бұл азаматты ресми түрде жүйке ауруларына шалдыққан азаматтарды емдейтін мекемеге орналастыру көзделіп отыр.
Дегенмен, жігітті психдиспансерге орналастыру ұзаққа созылатын түрі бар. Өйткені, ол үшін Чекмаревтің туыстары арыз жазу керек екен. Ал жігіттің жалғыз ғана анасы бар. Бірақ оның өзі жүйкесі ауру ретінде есепте тұр. Әзірге тек оған қатысты «жануарларға жәбір көрсетті» деген баппен қылмыстық іс қозғалған. Дегенмен, тергеу біткенше мысықтарды бауыздап суретке түскен жігіт бостандықта жүре тұрады. Айта кетейік, 27 жастағы Роман Чекмарев 3 мәрте істі болған. Оның екеуінде адам өлтіру бабы бойынша.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!