Теріскей диқандары егін ору науқанын бастай алмай отыр
Өңірде толассыз жауған жаңбырдан комбайндар алқаптарға мүлде шықпаған. Шаруалар биыл тағы да астық қардың астында қала ма деп қорқады.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
05.09.2018
Қыс бойы ауылда жұмыссыз отыратын Николай Пилипенко тек көктем мен күзгі науқанда ғана нәпақа табады. Комбайнын сайлап, машина трактор паркіне күнде келгенімен, оның техникасының табаны әлі алқапқа тиген жоқ. Бидайдың асты белуардан батпақ.
Николай Пилипенко, механизатор:
-Алдыңғы жылдары да күз бойы жауын жауып, қол байлаған еді. Сол кездері бидайды қардың үстімен ордық. Ондай астық малға жемазыққа да жарамады. Биыл да солай бола ма деп қорқамыз. Мына күн түнеріп, бір ашылмай қойды.
Бұл шаруашылық биыл 12 мың гектарға дәнді дақыл еккен. Күзгі науқан әлдеқашан басталғанымен, тек бүгін ғана екі комбайн алқапқа шығыпты. Оның өзі түске дейін жұмыс істеп, енді батпаққа батып тұр.
Александр Попов , машина -трактор паркінің меңгерушісі:
-Ауа райы ештеңеге мұрша бермей тұр. Мына техниканың бәрі сақадай сай, алайда бірде бірі биылдыққа жер иіскеген жоқ. Бір ай болды мына жауынның тоқтамағанына.
-Биылғы көктем де шаруалар үшін тым қолайсыз болды. Күн суық болғандықтан, жердің тоңы жібімей, диқандар бидайды тым кеш сепкен еді. Енді міне, астық ору науқаны тақап қалса да, бидайдың масағы әлі көкпеңбек.
Оның пісіп жетілуі үшін кем дегенде 2-3 апта құрғақ, күншуақты ауа райы керек. Алайда синоптиктердің болжамы көңіл көншітпейді. Енді 4,5 миллион гектар алқапта дәнді дақылдар сепкен теріскей диқандарының аспанға қарап, қолайлы күн райын тілеуден басқа амалдары жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!