Тараздағы түнгі клубта болған төбелестен 23 жастағы жігіт қаза тапты
Оған бір топ бұзақы жабылып ұрып, алған жарақатынан ол ауруханаға жетпей көз жұмған. Марқұмның жақындарының айтуынша, әзірге күдікті ретінде екі азамат қамауға алынған. Өзгелері бостандықта. Сондықтан қайғыдан қара жамылған отбасы кінәлілерді жаппай жазаға тартуды талап етеді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
05.09.2018
Түнгі клуб алдындағы төбелестің көрінісі әлеуметтік желіні шулатты. Мұнда бірнеше жігіттің Дархан Құрмашевті жабыла сабағаны байқалады. Алдымен қуып жүріп біреуі қатты соққымен сұлатса, қалғандары жығылған жігітті жатқан жерінде тепкілеп тастаған. Ал 23 жастағы азамат сол күйі орнынан тұрмады.
-Қайғылы жағдай дәл мына мен тұрған жерде болған. Марқұмының жақындарының айтуынша, Дарханға төрт жігіт жабылған. Оны видеодан анық аңғардық дейді. Алайда бұл қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен 21-22 жастағы екі азамат қана қамауға алынған. Үшіншісі қолхатпен босатылса, төртінші азамат тіпті елеусіз қалды дейді қара жамылған отбасы.
Светлана Маутанова, Д. Құрмашевтің анасы:
-Күдіктілер 4 бала. Балам солардың қолынан қаза тапқан. Бірақ төртіншісіне қылмыстық іс қозғалып отқан жоқ. Аты да, жөні де, тергеуде ол туралы ештеме жоқ. Бірақ біздің қолымызда айғақтар тұр.
Дархан Құрмашев басына тиген қатты соққыдан миына қан құйылып жан тапсырған. Ол бір үйдің жалғыз баласы. Анасының айтуынша, оны қайғылы жағдай болатын түні Алматы мен Көкшетаудан келген достары үйден ертіп әкеткен. Өлі денесін де ауруханаға жеткізген солар. Ал түнгі клуб алдындағы жанжалдың нақты неден туындағаны анықталуда. Болжам бойынша, марқұм бір-бірлерімен ерегіскен екі топқа араша түсемін деп өзі соққыға жығылған.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы:
-«Барбарис» кафесінде орнатылған бейнебақылау камераларына түскен жазбалар алынып, оқиғаға қатысы бар деген тұлғалар анықталды. Осы қылмысты жасаған деген күдікпен Тараз қаласының 21-22 жастағы үш тұлға ұсталды. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 106- бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде.
Дархан Құрмашев құрылыс фирмасында сарапшы болып жұмыс істеген. Екі жыл бұрын шаңырақ көтерген марқұмның артында жары мен жасы бірге толмаған қызы қалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!