Ақтөбеде лифтіде жаншылып өлген тележүргізушінің анасы кінәлілерге қатаң жаза кесуді сұрады
Ақтөбеде лифтіде жаншылып өлген тележүргізуші келіншектің өліміне байланысты сот басталды. Жауапқа тартылып жатқан кооператив директоры мен лифтіні жөндеген механик тағылған айыппен келіспей отыр. Жауапкершілікті біріне бірі артып, әуреге түсті. Ал қара жамылған отбасы екеуіне қатаң жаза кесуді талап етті.
05.09.2018
28 жастағы тележүргізуші Айзат Әбдісаматтың дәл осы лифтіде жаншылып қаза тапқанына тура бес ай болды. Сол уақыттан бері бірнеше техникалық сараптама тағайындалып, сот отырысы да кейінге шегеріле берді. Бұған айыпталушының бірі – механик Жарылқасын Ақжановтың жүрегіне ота жасалуы себеп болған. Ол ауруханадан шыққан бойда процесс те басталды.
Асхат Сәрсенбаев, мемлекеттік айыптаушы:
-Лифтіні пайдалануға берген кезде тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ешқандай шара қолданбаған. Ақауы бар жеделсатыны іске қосқан. Оған тағайындалған сараптама қорытындысы дәлел бола алады.
Сотта жауап беріп жатқан кооператив директоры мен механик бірін-бірі кінәлап отыр. Бастығы техникадан хабарым жоқ деп ақталса, лифтіні жөндеу үшін жалданған маман сүттен ақ, судан тазамын деп басын алып қашады.
Кемел Жаңабеков, «Жаңабеков-сервис» ЖШС директоры:
-Бұл үйдің лифтісі бұрыннан тозған. Тұрғындардың өтініші бойынша қолдан келгенше оңдап жүрдік. Соңғы рет қайғылы оқиға болардан төрт күн бұрын ғана Ақжановқа ақша беріп жөндеуден өткізген едік.
Айзат Әбдісамат лифтіге қысылып қаза тапқанда жанында кішкентай қызы болған. Қазір ол әкесінің қолында тәрбиеленіп жатыр. Марқұмның күйеуінен бастап, барлық туыстары қос айыпталушыға ешқандай кешірім жоқ дейді.
Айша Төлемісова, марқұм А.Әбдісаматтың анасы:
-Ешқандай да маған материалдық, моральдық өтемақының қажеті жоқ. Менің баламның өліміне кінәлі адамдар әділ жазалансын деймін. Қазіргі жағдайда үш жасар сәби өзінің анасына "мама" деген сөзді айта алмайтын жағдайға жеткізді олар. Себебі, анасының өлімін көрген сәби анасын сұрамайды.
-Айзаттың өліміне себепші болған лифт бес айдан бері істемейді. Оған сол күйі жөндеу де жүргізілмеген. Ақтөбеде осы қайғылы оқиғадан соң тоқтап тұрған жалғыз жеделсаты бұл емес. Өйткені жаппай тексеруден кейін ескіргендерінің бәрінің есігін жауып тастаған еді. Ал жаңартуға тұрғындардың да, әкімдіктің де ақшасы жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!