Біртанов франциялық фармацевтика компаниясының төңірегіндегі дауға жауап берді
Астанада жемқорлыққа қатысты халықаралық даудың шеті көріне бастады! Денсаулық сақтау министрі әйгілі франциялық фармацевтика компаниясының біздің шенеуніктерге пара берді деп айыпталуына байланысты түсініктеме берді. Өйткені бұл фирма дәрі-дәрмегін Қазақстанда көптеп өткізу үшін нарықты сатып алған деген мәлімет тарап жатыр. Бұл туралы АҚШ-тың биржа және құнды қағаздар комиссиясының сайтында жарияланған.
Автор: Досжан Маратұлы
05.09.2018
Ондағы ақпаратқа қарағанда, әйгілі Sanofi компаниясының Қазақстандағы өкілдері тендерді ұтып алу үшін жүйелі түрде миллиондаған ауызбастырық беріп отырған. Бұдан соң дәрігерлер науқастарға негізінен осы фирманың дәрілерін ішуге кеңес беріп келген көрінеді. Осылайша мол пайдаға кенелген Sanofi бізден бөлек, Иордания, Ливан, Бахрейн, Кувейт, Біріккен араб әмірлігі секілді елдерде де құйтырқы жолмен өнімін сатыпты. Ал фирма АҚШ-та қозғалған қылмыстық істі тоқтату үшін 25 мллион доллар айыппұлмен құтылмақ болған деген мәлімет бар. Sanofi негізінен Қазақстанға қант диабетімен ауыратындарға инсулин мен түрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакцина жеткізумен айналысады. Ал Денсаулық сақтау министрі фармацевтикалық компания тарапынан ешқандай заңбұзушылық болмағанына сенімді.
ЕЛЖАН БІРТАНОВ, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:
-Sanofi әлемдегі озық фармацевтикалық компаниялардың бірі. Сондықтан осы фирманың дәрі-дәрмектері елімізде онсыз да көп. Ал әлдебір шенеуніктерге пара беріп, өнімін сатты дегенге келетін болсақ, ондай жағдай бізде тіркелген жоқ.
Сондай-ақ, министр Денсаулық сақтау саласын цифрландыру ісіне де тоқталды. Айтуынша, қарқынды жүріп жатқан шаруа 2020-шы жылы аяқталуы тиіс. Сөйтіп, барлық емханалардың жұмысы электрондық форматқа көшпек. Яғни дәрігерлер қазіргідей түрлі құжаттарды толтырып қағазға көмілмейді. Әрі пациенттердің қолында жүрген қазіргідей медициналық картаның орнына электрондық денсаулық паспорты болатыны белгілі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!