Ақмола облысында қорым үстінен зауыт салмақ болғандарға жұрт өре түрегелді
Ойрандауға жол бермейміз!Ақмола облысындағы Бұлақ, Жолдыбай, Симферополь ауылдарының тұрғындары қиыршық тас өндіретін зауыт салуға қарсы. Табиғаты тамылжыған жайылымдық жер әрі ата бабаларының қорымы орналасқан аумақты бұзуға ешкімнің хақысы жоқ дейді олар. Ал астаналық инвесторлар біз жерді мүлдем басқа мақсатқа пайдаланамыз деп ақталды.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
06.09.2018
-Бізге бұл тау,бұл жер Египеттегі пирамидадай, Тадж махалдағы мешіттей.
Ауыл шетіне сырттан ауыр техника кіріп жерді қаза бастағанда жұрттан тыныштық қашты. Жиылып солай қарай ағылған. Сөйтсе, әлдекімдер қазу жұмысына кірісіп, тіпті жайылымдық жерге бірнеше контейнер қойып та үлгеріпті. Соған алқынып жеткен тұрғындар айғайға басты. Олар қиыршық тас шығаратын зауыт салатын инвесторларды құжатын алып келсе де қуып жібермек.
Қанат Әлібеков, Бұлақ ауылының тұрғыны:
-Алып келген күннің өзінде біз істетпейміз! Жатамыз осы жерде! Егер 4 дробилка тұрса, біздің ауыл не болады?Біздің ауылдың бала-шағасы не болады? Шамамыз келгенше аштырмаймыз.
Оның үстіне табиғаты тамылжыған жайылымдық жерден бұрын бұл маңда ескі қорымдар көп екен. Ата-баба әруағын қорлап, тынышымызды бұзбас бұрын бізбен ешкім ақылдаспады дейді ашуға буылыққан тұрғындар.
-Мына төменде шалқып жатқан саумалдай көл – Жолдыбай көлі. Біз тұрған төбе де осылай аталады. Әрине тегіннен тегін емес. Осы маңайдағы 3 бірдей қазақ ауылының кешегі өткен бабасы екен ол. Сондықтан да ата-бабасы жүріп өткен мекенді әлдекімдердің келіп астан-кестен етіп қазуына жол бермейміз дейді ұрпақтары.
Ал Астанадан келген инвестордың айтары басқа. Ол дәл қазір ел шетін шаңдатып қиыршық тас шығаруа әзір емес. Алдымен мал шаруашылығын дамытпақ.
Табылды Махметов, ЖШСдиректоры:
-Қазірдің өзінде біз қара мал алып жатырмыз. Ол жерде мал шаруашылығын дамытқымыз келеді. Қоралар салынады. Қиыршық тас өндіру де біздің компанияның жоспарында бар. Бірақ биыл емес. 50 шақты адамды жұмыспен қамтимыз. Түсіндірдік, халық түсінгісі келмейді. Бізде барлық заңды құжатымыз бар.
Жерді иеліктеріне заңдастырып алған жеке компания халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу әкімдердің жұмысы дейді. Ал аймақ әкімі Жанай Әбутәліповті тұрғындар тыңдағысы да келмейді екен. Сол үшін кәсіпкерлердің жұмысын уақытша тоқтатып қоюына тура келген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!