Алматыда өрт ережесіне салғырт қарағандарға шетінен айыппұл салынып жатыр
Алматыда өрт қауіпсіздігі сақталмаған көпқабатты үйлердің тұрғындары басқа жаққа көшірілуі мүмкін. Осылай дабыл қаққан пәтер иелері кооперативінің өкілдері, қалада түтін тартқыш пен өрт дабылы жоқ тұрғын үйлердің тұрғындарына жаппай айыппұл салу басталғанын айтады. Бұл жағымсыз жағдай кеңес уақытында тұрғызылған барлық баспаналарға қатысты деген олар, заң бойынша іс айыппұлмен бітпей, тұрғындардың қоныс аударуына тура келеді дейді. Бірақ, төтенше жағдайлар департаменті бұл байбаламды жалған ақпарат, тексеріс тек 10 қабаттан биік үйлерде жүріп жатқанын айтты.
Автор: Мақсат Мәлік
07.09.2018
Пәтер иелері кооперативінің төрағасы Меңдос Оразбаевтың сөзінше, қарамағындағы көпқабатты тұрғын үйлер тексеріс кезінде өрт қауіпсіздігіне сай емес деп танылған. Кесірінен төтенше жағдайлар депаратменті 240 мың теңге айыппұл салыпты. Ең сорақысы, мұнда күн кешіп жатқан 140 отбасы заң бойынша басқа жаққа қоныс аударуы тиіс дейді ол.
Меңдос Оразбаев, «Даркем» ПИК төрағасы:
-Төтенше жағдайлар департаментінің инспекторы келеді де, мынауың жоқ, анауың жоқ деп, айыппұл төлетеді. Мұндай олқылық өмір бойы бола береді. Себебі, бізде азаматтық қорғанысты қамтамсыз етуге арналған нақты бағдарлама жоқ. Ал, қарапайым халық тұрғын үйде өмірі орнатылмаған түтін тартқыш пен өрт дабылы үшін айыппұл төлеуі ақылға сыймайды.
Төтеншеліктер қарқынын тоқтатпаса қаладағы көпқабатты баспананың 90 пайыз тұрғыны үйінен көшіп, тентіреп кетуі мүмкін. Себебі, кеңес уақытында салынған үйлердің бәрінде түтін тартқыш пен өрт дабыл жүйесі жоқ дейді, ашынған төраға. Ал, оны әр кіреберіске орнату үшін 5 миллион теңге қажет. Ондай қаржыны ешкімнің қалтасы көтермейді деген тұрғындар да, төбемізден жай түскендей болдық дейді.
Бостандық Қаппар, тұрғын:
- Айыппұлды біз төлейміз ғой енді. Мен оған қарсымын. Егер айыппұл салатын болса оның алдын- ала заңдылығы болу керек менің ойымша.
Алайда, пәтер иелері кооперативінің уәжін құр байбаламға балаған төтеншеліктер, қауіптілігі жоғары 10 қабаттан биік үйлер ғана тексеруге алынғанын айтады. Бірақ, аталған көпқабатты үйлерде өрт қауіпсіздігіне арналған жүйе сақталған, тек қалпына келтіру керек дейді департамент өкілдері.
Сандуғаш Баймұхамбетова, Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі:
-Үйден шығаруды бастады деп, Алматы тұрғындары арасында үрей туғызып жатыр. Бірақ, Алматы қаласы төтенше жағдайлар депратментінің құзіретіне кірмейді, тұрғындарды үйінен шығару.
Төтеншеліктер мен тұрғындардың тартысы әлі қаншаға созылатынын дөп басу қиын. Ал, айыппұл арқалаған пәтер иелері кооперативінің өкілдері қалалық әкімдік пен прокуратураға шағым түсіреміз дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары