Семейде қос емхана біріктіріледі дегенді естіген жұрт наразылық білдірді
Олардың айтуынша, жергілікті билік Ұшқыштар кентіндегі емхананы Окен кентінде орналасқан емдеу мекемесіне қосуға шешім шығарған. Осылайша ақшаны үнемдемек болғанымен, жұрттың жағдайы ескерусіз қалыпты. Өйткені екі елді мекенде де халық саны тым көп. Сондықтан тұрғындар енді айлап дәрігердің қабылдауына кіре алмаймыз ба деп алаңдаулы.
Автор: Ұлан Нұрахмет
07.09.2018
Бүгінде Ұшқыштар кентінде орналасқан №6 емхананың тіркеуінде 13 мыңнан артық адам бар. Сондықтан жұрт екі үйге бір көсеу жасау негізсіз екенін айтуда. Себебі, оларды біріктірілгелі отырған Окен кентіндегі 2 емханада да адам саны көп. Оның үстіне мұнда басы ауырып балтыры сыздаған тұрғындардың қатынауы да қиын болады.
Сәуле Алдажарова, Ұшқыштар кентінің тұрғыны:
-Жас балалар аналар бар. Әр отбасында 3-4-5 бала, осында тіркеуде. Ол жалғыз баласын тастай алмайды ғой. Жалғыз ана болса, өзімен бәрін алып кетеді. Ол қалай жетеді? Жағдайы қалай болады. Халықтың жағдайын ойлап отырған ешкім жоқ.
Ал жұртты сабырға шақыру үшін келген мамандар олардың барлығы бұрынғы қалпында қалатынын айтып сендіруге тырысты. Тек үш емханаға бір бас дәрігер тағайындалатын көрінеді. Сонымен қатар, зертхана бөлімі Окен кентіндегі емханаға көшірілмек. Бірақ бұған да жұрт қарсы. Өйткені дәрігерлердің жазып берген дәрі-дәрмек тізіміне мөр бастыру үшін екі ортаны тоздыруға тура келеді. Сондықтан бұл салаға жауапты мамандарды сұрақтың астына алды.
Сасқалақтаған жергілікті денсаулық сақтау саласының мамандары бұл шешімді облыстағы шенеуніктер шығарғанын айтып ақталуда. Олар бұл қадамға қаражат үнемдеу үшін барыпты-мыс. Дегенмен, қайткен күнде де дәрігерлер жұмыстан қысқартылмайды.
Гүлнәр Шәріпова, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының Семей өңірі бойынша орынбасары:
-Қазір №2 ші емхананың бас дәрігеріне тапсырма берілді. Заң жүзінде зейнеткерлерді жұмыстан шығарса, ал отбасылық дәрігерлермен медбикелер өз орындарында қалуы тиіс.
-Осылайша, шамамен есеп бойынша қос емхана арқылы 20-30 млн. теңгеге мемлекеттің қазынасы үнемделмек. Ал бұл қаражат тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға жұмсалады. Мамандардың сөздеріне сенсек, дәрігерлердің жалақысын көтерумен қатар, қазіргі №6 емхана ғимаратынан жұрт үшін күндізгі ем-дом алатын бөлім ашылу көзделуде. Алайда, тұрғындар олардың бұл уәждеріне сенгісі жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!