Мұхтар Шаханов орысша сөйлеп көпшіліктің көңілін қалдырды
Қазақшасы кері кеткен кездесу. Алматыда жазушылардың халықаралық форумы басталды. Қазақ Пен-клубы ұйымдастырған шараға алыс-жақын 16 елдің белді қаламгерлері, аудармашылар және философтар жиналған. Алайда ұлттық әдебиеттің қайтсек көсегесін көгертеміз деген оймен ұйымдастырылған игі шара негізінен орыс тілінде жүріп жатыр. Тіпті қонақтарға кез келген тілді еркін түсіндіріп беретін аудармашылар отырса да, кейбір қазақ қаламгерлері өзге тілде орағытып, көпшіліктің көңілін қалдырды.
Автор: Мақсат Мәлік
10.09.2018
Тіл жанашыры, қабырғалы ақын Мұхтар Шахановтың орысша мақамын жазушы Дулат Исабеков те әрі қарай жалғастырды. Тіпті, форумның шымылдығын ашқан қазақ әдебиетінің абызы Әбдіжәміл Нұрпейісов те орыс тілінде баяндама оқыды. Ал Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің орнын нақтылауға арналған 3 күнге созылатын жиынға 2019 жылғы Нобель сыйлығына ұсынылған Атанас Ванчев дьо Траси, сосын Бақыт Кенжеев, Сергей Гандлевский, Алексей Цветков және Олжас Сүлейменов сынды сөз зергерлері қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, Алматыда 1973 жылы Африка және Азия ақын-жазушыларының конференциясы өткеннен бері елімізде осындай ауқымды халықаралық басқосу болмаған. Ал заманауи әдебиеттің жай-күйін талқылаған қонақтар қазақ әдебиетінің өзгеге танылуы кенже қалған десе де, қазір қаламгерлердің тақырыптық және әлеуметтік мәселесі ортақ екенін айтады.
Януш Вишневский, жазушы: (Польша)
-Шындығын айтсам, Польшада шамамен 10 жазушы тек кітаптарын сатуымен күнелтеді. Себебі, әдебиет көп қаржы әкелетін сала емес. Барлығы бірдей Гарри Поттерді жазған Джоан Роулинг, немесе америкалық Стивен Кинг емес. Демек, кейбір мен деген жазушылар басқа жұмыс арқылы нәпақасын айырады. Мәселен, мен әдебиеттен бөлек ғалым ретінде Германияда жұмыс істеймін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!