Алматыда танымал театр әртістері директорынан көрген қорлықтары туралы айтты
Мәдени ошақтың мәдениетсіз директоры! Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының бұрынғы қызметкерлері қазіргі басшыны осылай айыптап отыр. Олардың айтуынша, 1 жылдың ішінде жаңа директордың кесірінен 83 адам қызметінен кеткен. Барлығымыз басшының қысымына шыдамадық дейді. Алайда, театр әкімшілігі мұндай айыппен келіспейді.
Автор: Мақсат Мәлік
12.09.2018
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының директорынан көрмеген құқайымыз жоқ деп налыған топ, әділдік үшін арпалысып жүрміз дейді. Айтуларынша, бастарынан қиқу кетпеген олар өз еркімен жұмыстан кету жөнінде арыз жазған. Тіпті, ыңғайға көнбегендер қатты қысымға ұшырады дейді, театрдың бұрынғы қызметкерлері.
Амангелді Мамырбеков:
-Нақты маған айтқаны, егер сен жұмыс орныңды босатпасаң мен сенің жанұяңды, қай жерде тұрып жатқаныңды білемін. Үрім-бұтақтарыңмен бір-ақ құртамын деп айтты. Сол себепті өз еркіммен жұмыстан шығуға арыз жазып бердім.
Шағымданушылардың айтуынша, 1 жыл ішінде өнер ұжымының 83 қызметкері жұмыстан кетіпті. Сондықтан базынасын арқалағандар мәдениетке жауапты құзырлы мекемелер шектен шыққан басшыға тоқтау болмай тұрғанын айтады. Тіпті, театр директоры қол астындағылардың ақысын жеп, жұмысқа қатысы жоқ баз біреулерге ақша төлейтінін жеткізді.
Мөлдір Бекжан:
- Театрдың 1 жылдығына байланысты сценарий жаздым. Және сол іс-шара менің сценариім бойынша жүргізілді. Алайда, біршама уақыттан кейін сценариді мүлдем басқа адам жазған деп, оған гонарар жазғаны туралы естідік.
Айман Омарова, адвокат:
-Қандай әділетсіздік?! 80-нен астам отбасы немесе 80-нен астам адам айлықсыз отыр. Далада қалып отыр.
Қызметкерлерге күн көрсетпеді деген сынның астында қалған белгілі жыршы Берік Жүсіпов аталмыш театрға 2017 жылдан бері жетекшілік етеді. Бірақ, мәселенің ақ-қарасын айтуы тиіс басшы орнынан табылмады. Ал, директорға шаң жуытпаған қосшылар қызметкерлер көтерген мәселені тәртіп пен талапқа бағынбағандардың әрекетіне балады. .
Азамат Ақан, «Алатау» дәстүрлі өнер театры директорының орынбасары:
-Берік Жүсіпов, ол - жұмысты талап ететін адам. Сондықтан жұмысқа уақытында келу, жұмыстың тәртібі өте қатаң қадағаланады. 8 сағаттық жұмысты талап еткені үшін көп адам осыған шыдамады. Сөйтті-дағы, көбісі арыз жазып кетіп қалды. Екіншіден, бізде айлық, жалақасы деген өте аз.
-Алайда, «Алатау» дәстүрлі өнер театры төңірегіндегі дау əлі жалғасатын түрі бар. Себебі, ар-намысыма көлеңке түсірді деген директор, бұрынғы қызметкерлердің үстінен сотқа арыз түсіріп, моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге сұраған. Бірақ, қысымға шыдамай қорлық көрдік деген қызметкерлер тағы да құзырлы орындарға шағымданып, істі соңына дейін жеткізбей тынбайтынын айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары