Балқаш көліндегі балықтардың тұқымы тұздай құрып бара жатыр
Себебі, көлге құятын Іле өзенінде броконьерлер білгенін істеуде. Майда аумен де, тоқпен де балықтарды қыратын қаскөйлерді құрықтауға инспекторлар қауқарсыз. Балқаш көлінің 80 пайызын толтырып отырған Іле өзенінің мөлшері анағұрлым азайғаны да халықты алаңдатып отыр.
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
12.09.2018
Бұл мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың кіндік тамған жері - Құйған ауылы. Ауылдың ер-азаматтары Іле өзеніне күндіз-түні қармақ пен ау салып күн көреді. Алайда броконьерлердің кесірінен балықшылар бүгінде бір қап балыққа да зар болып отыр.
Рахман АМАНЖОЛОВ Құйған ауылының тұрғыны:
-Балқаштың байлығы барған сайын құрып бара жатыр. Броконьерлер көп. Балықты өсіру керек қой. Балықтың жоқтығы халыққа әсер етіп жатыр. Судың өзі де азайып кетті мүлдем.
Балықшылардың айтуынша, сазан, шортан, көксерке сияқты балықтың түрлері де ұсақталып кеткен. Себебі, заңды пысқырмайтын броконьерлер қытайлық майда ауларына іліккен су жәндіктерін артып, шабақтарын жағаға тастап кетеді.
Асқар СҮЛЕЙМЕНОВ Құйған ауылының тұрғыны:
-Ауды 50-55 см жоғары салу керек. Олар ондай салмайды. Олар ақшаға құныққан. 28 көз ау салады. Одан майда балықтар ауланады. Сосын балықтар ұрық шашпайды. Сосын қай жақтан балық өседі?
Ал табиғат қаскөйлерінің жолын түбегейлі кесуге аудандық балық шаруашылығы инспекциясы қауқарсыз. Себебі, Іледен бөлек өңірдегі өзен-көлдердің барлығын бар-жоғы 9 инспектор әбден тозығы жеткен 5 қайықпен бақылайды.
Әлімжан МҰСАЕВ төменгі Іле инспекциясының бас маманы:
-Заңды балық аулауға құжаттары жоқтардың қайықтары өте мықты. 80, 100 маторлармен келеді. 1-2 км ауларын салып тастайды. Біздің қайықтарымыз бен маторларымыз тым ескі. Бастықтардан сұрап жалықтық. Техника мықты болса, браконерлерді қуып жүріп ұстайтын едік.
Балық қорын қорғаушылар Қапшағай су қоймасынан Іле өзеніне жіберілетін судың да аздығы көлдің тартылуына әкеп соғатынын жасырмады.
-Балқаш көлінің болашағы Қытайдан бастау алып, оған құйылатын мына Іле өзенінің мөлшеріне тікелей байланысты. Ең сорақысы, өзендегі судың деңгейі түсіп, қауіпті межеге жетіп қалды. Мамандар шара қолданбаса, Балқаш кеуіп кеткен Аралдың кебін киюі мүмкін деп қауіптенеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!