Риддерде 50 миллион теңгеге қайта жөнделген саябақ қараусыз жатыр
Жыл өтпей жатып тоз-тозы шыққан демалыс орны елеусіз қалып, арам шөп басқан. Бұл көрініс жергілікті жұрттың ашуын туғызды. Олар ақшаны ысырап қылған шенеуніктер мен құрылысты аяқсыз қалдырған мердігер жауапқа тартылсын дейді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
12.09.2018
Қаланың қақ ортасындағы жөнделген саябақтың қазіргі сыйқы осы. Арам шөп басып, адамдардың аяқ алып жүруі мұң. Ойын алаңдарын тат басқан. Аяқ суытар орындықтары да қирап, мына секілді төсеніштердің де тас-талқаны шығыпты. Ал осы жыл өтпей жатып бүлінген демалыс орнының құрылысына 50 млн. теңге жұмсалған-ды.
Екатерина Попикова, Риддер қаласының тұрғыны:
-Құрылыс өткен қыста басталған. Қақаған суықта кім ондай жұмыс істейді, түсінбеймін. Ол жер өте лас. Аяқ алып жүру қиын. Жарақат алып қала ама деп баламен де баруға қорқасың.
Осыдан тас лақтырым жерде орталық алаң орналасқан. Онда демалуға қажеттің бәрі бар. Сондықтан тұрғындар оған тақап жаңа саябақтың салынғанын түсінбей дал. Оның үстіне қараусыз қалған демалыс орнының қазіргі сүреңсіз көрінісі шаһардың сәнін құртты дейді. Сондықтан ел биліктен саябақты ретке келтіруді талап етеді. Ал шенеуніктер мәселені қаржыға тіреп отыр.
Нұрсұлтан Көккөзов, Риддер қаласы ТКШ бөлімінің бас маманы:
-Бұл жерде «Әйгерім» деген ескі саяжай болған. Біз қаржы тауып, қайта жөндеп, қалпына келтірдік. Қазынадан тек құрылысқа ақша табылды. Ал күтіп ұстау үшін қаржы қарастырылмаған.
Ақжағалылардың сөзінше ақшадан бөлек, бүкіл қалада арам шөпті отайтын адам жоқ екен. Сондықтан тіршілігі тоқтаған саябақтың тамырына қашан қан жүгірері әзірге беймәлім.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!