Астанада 37 отбасы далада қалайын деп тұр
Олардың миллиондаған ақшаға сатып алған пәтерлері бірнеше күннен кейін қиратылады. Өйткені заңсыз құрылыс деп танылып, сот сүріп тастау туралы шешім шығарған. Былтырдан бері тұрып жатқан баспаналарының заңға қайшы екенін жақында ғана біліпті. Үйді салып бергендер бұл туралы осы күнге дейін тіс жармады дейді тұрғындар.
Автор: Ербол Тұрымбет
12.09.2018
- 37 отбасы паналап отырған даулы баспанаңыз міне, осы үй. Мұндағылардың тұрып жатқанына жылға жуықтаған. Ал үйдің сүрілетіні туралы сот шешімі былтыр шілде айында шығып қойғанын тұрғындар үш күн бұрын ғана естіпті. Олар енді қайда барарын білмей дағдарып отыр. Ал 5 күннен кейін мына үшқабатты үй түгелімен қиратылуы керек.
Үйдің қиратылатынын бұл кісілер сау етіп келген сот орындаушыларынан бір-ақ біліпті. Тәртіп бойынша олар бес күннің ішінде көпқабатты үйді босатуы керек. 40-қа тарта отбасы пәтерлерін бір адамнан сатып алған. Солардың бірі Дархан Асаубаев былтыр қарашада көшіп келіпті. Бірақ пәтер кілтін ұстағалы бері бірде-бір құжат көрмедім дейді.
Дархан Асаубаев:
-Біз үйді сатып алған кезде бізде тек осы бір шарт қана болды. Басқа осы үйдің эскиздік жобасы, мемлекеттік жер актісінің көшірмесін де ешкім бізге бермеген. Біз өкіметке жарықтың ақшасын, судың, кәріз жүйесінің ақшасын – бәрін төлеп отырмыз.
Дарханнан бөлек, мұндағы 36 отбасының бәрінде бір жағдай. Осындай жағдайға душар болған екінші бір үй бар. Бұл үйдің де үшінші қабаты мен шатырындағы пәтерлер түгел сүрілуі тиіс.
Дәурен Қалиев:
-Алдын ала әкімдік оған айтқан салуға болмайды деп. Оның айыппұлмен бе екен, білмеймін қалай жол тапқанын. Үйді салып, «черновоймен» сатқан алдап.
Яғни жерді пайдалану мақсаты бойынша мұнда жеке жер үй ғана салуға рұқсат. Көпқабатты үй тұрғызуға болмайды. Жалпақ жұртқа пәтер үлестірген негізгі қожайын болса қателік кетті деп назарын жерге қадап, Жоғарғы сотқа қайта шағымданып жатқанын айтады. Одан түк шықпаса, басқа үй тауып берем дейді.
Асхат Тоғысов, «Жас отау» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары:
-Қаланың шетінен біз бұларға шешіп беруге тырысамыз. Шама-шарқымыз келгенше не салып береміз, не салынып жатқан бір үй бар, содан береміз. Медиативті келісім жасаймыз, міндеттеме аламыз, міндет мойнымызда.
Алайда оңбастай опық жеген тұрғындар бұл уәдеге сенбейді. Олар енді Астананың жаңа әкімінің көмегінен үмітті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары