Петропавлда шенеуніктердің жаңа ережесінен соң тегін дәрі алу қиындап кетті
Тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуы тиіс петропавлдықтар таңнан кешке дейін дәріханалардың маңында ұзын сонар кезекте тұруға мәжбүр. Бұрын оларға шаһардың кез келген дәріханасы қызмет көрсететін еді. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығынан кейін бұл міндетті тек емхана маңынан арнайы ашылған санаулы дәріханалар ғана атқаратын болды.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
13.09.2018
Мынау Петропавлдың әрбір үшінші тұрғынына қызмет көрсететін емхана. Мұнда тегін дәрі дәрмек алуға құқы барлардың тізімінде 25 мың адам тұр. Олар ай сайын алдымен дәрігерге, артынша дәріханаға кезекте тұруға мәжбүр. Күніне келетін мыңан астам адамға тек 4 маман ғана дәрі береді.
Шәміл Молдашев , Петропавл қаласының тұрғыны:
-Рецепті өткен айдан алғанмын. Әлі күнге дейін ала алмай жүрмін. Көп отырсам, шаршаймын аяғым ауырып жүре алмай жүрмін.
Кезекте тұрғандардың дені қан қысымы мен ағзадағы қант мөлшерін реттейтін препаратқа мұқтаж. Емханадағылар да ұзын сонар кезекті сирету үшін стационарлардағы фармацевтерді негізгі міндеттерінен босатып, осында отырғызып қойыпты. Жұмыс күнін қас қарайғанға дейін ұзартса да, кісі аяғы азаяр емес.
Сәбира Дайырова , №3 емхана бас дәрігерінің орынбасары:
-Мен осы емхананың бас дәрігерінің орынбасары болсам да , осында тұрып кезекті реттеуге мәжбүрмін. Өзге шаруаларым жайына қалды. Төрт фармацевт дәрі үлестіріп жатыр. Сонда да үлгере алар емеспіз. Денсаулық сақтау министрлігінің шешімі осылай , оған қалай қарсы шығамыз.
Маманның меңзеп отырғаны Денсалық сақтау министрлігінің 2018 жылдан бастап тегін дәрі дәрмектер тек жалғыз дистрьюбитерден алынып, емхана ішінен үлестіреді деген қаулысы. Бұрын бұл қызметті тендер ұтып алған кез келген дәріхана атқаратын.
-Қазір Петропавлда тегін дәрі дәрмекке мұқтаж 60 мыңдайжан бар екен. Оларға бұрын оннан астам дәріхана қызмет көрсететін. Енді аурулар керекті препараттарын тек 4 жерден ғана ала алады. Мұның бәрін Денсаулық сақтау министрлігі ақша үнемдеу үшін жасаған көрінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!