Павлодарда әкімнің өзі бастап құтқарған бұғы қашып кетті
Павлодарда жылу құбырларының арасында қысылып қалған бұғы құтқарылды. Шыға алмай тұрған жабайы аңды көрген тұрғындар 112 нөміріне хабарлапты. Бір топ маманның көмегімен құбыр арасынан әрең босап шыққан бұғы жиналған жұртты таптай жаздап, қаша жөнелген.
Автор: Әйгерім Шакаманова
14.09.2018
Ирина Александрова, тұрғын:
- Полицияға хабарластым. Күйеуім болса,сыртқа шығып, расында құбыр арасында бұғының жатқанын анықтады. Сағат таңғы төрттің кезі болғандықтан қараңғы болды. Ал полицейлер алғашында айтқаныма сенбеді.
Жабайы аңды құтқаруға полицейлер, құтқарушылар мен мал дәрігері, тіпті шаһар әкімі де келген. Жануарды құбыр арасынан аман алып шығу операциясына үш сағатқа жуық уақыт кетіпті. Босатылған хайуан жиналған жұртты таптап қаша жөнелген. Салдарынан бұғының мүйізі бір адамға тиіп кетіп, оқиға орнына жедел-жәрдем шақыртуға тура келді. Ер азаматты қабырғасы сынды деген күдікпен ауруханаға алып кетті. Ал бейресми ақпараттарға қарағанда, салмағы 300 келіге жуық бұғы жергілікті кәсіпкерлердің біріне тиесілі екен. Қазір жорта жөнелген аң іздестірілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!