Тоқаевтың той туралы мәлімдемесі елде қызу талқыға түсті
Тойдағы ысырапшылыққа мемлекет тарапынан тыйым салынуы мүмкін. Талайдан бері сөз болып жүрген мәселені Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев қолдайтындығын білдірді. Егер бұл бастама ереже не заң ретінде қолданысқа енетін болса, таудай торт пісіріп, мейрамхананың ішіне машинамен кіріп келетіндердің әрекеті тоқтауы мүмкін.
Автор: Ербол Тұрымбет
17.09.2018
Қазақ тойларындағы ысырап пен бейбастақтықтың қандай дәрежеге жеткенін ғаламтор әлдеқашан әйгілеп берген. Жұрт көзіне қарамай тыр жалаңаш шешінудің өзі қазір сән болмай қалды. Одан бөлек, сала құлаш көлікпен мейрамхананың ортасына кіріп келгенді де көрдік. Ат мініп, алшаң басқандар да талай масқара болды.
Асабалардың әдепсіз ойындарын айтпағанда, қазақ байлары ұл-қызының қуанышы үшін алып торттарға тапсырыс беріп ақшаны миллиондап шашудан тайынбайды. Енді мұның бәрі шектелуі мүмкін. Ақпарат құралдары әбден қаузап, жауыр болған тақырыпқа Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев енді ғана қосылды.
-Үйлену және басқа да тойларға деген көзқарасымызды өзгертіп, оларды жаңа үлгіде өткізу туралы БАҚ-та жүріп жатқан пікірталастарды қолдаймын. Көзбояушылық, даңғазалық, ысырапшылдыққа белшеден батпай, бауырлас өзбек, түрік, түркімен xалықтары сияқты ұлттық дәстүрге қарай ойысу қажет.
Той өткізу бүгінде додаға айналғанын осы саланың өкілдері де растайды. Мәселен, мына мейрамхана орта деңгейлі тойларға арналған. Бірақ, бар айыбы – оң жағалауда тұр. Ал, қалтасы көтергендер Астананың сол жағалауына ұмтылады екен. Сөйте тұра, аты дардай әнші-әртістер мұнда да шақырылады. Бірақ тойдан нәпақасын тауып отырғандар қалталылардың қандай бір тыйымға бағына қоярына сенімсіздікпен қарайды.
Айсара Сайпедин, мейрамхана әкімшісі:
-Сол жағалауға қарағанда бізде тиімдірек. Ешқандай артықшылығы жоқ. Тамадалар да болды, «Базар жоқ», «Әзіл әлемінде» ойнаған актерлар. Роза Рымбаева да болды біздерде.
Өзбек президенті Шавкат Мирзиеев елдегі той салтын қатаң сынап, түсте бір сағат қана өткізуге және қонақтар санының 150 адамнан асырмау жөнінде Жарғы шығармақшы болған. Өлий Мәжіліс оған келіспесе де тойды дәстүрге сай және артық шығынсыз өткізу жөнінде шешім шығарды. Қазір оларда осы мәселені бақылап отыратын жергілікті комитеттері бар. Тәжік, түркімен, қырғыздар да тойды 150 адаммен ғана өткізеді. Бюджеті,кортждегі көлік саны тіпті қалың малының көлемін де заңмен нақтылап қойған. Мамандар осындай талап бізге де керек дейді. Себебі ұл-қызынан ештеңесін аяғысы келмейтін қатардағы адамдар да той үшін банктен миллиондап несие алып қарызға кіріп жатыр.
Жәнібек Тағаев, Түркістан облыстық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры:
- Ең басты мәселе, қазіргі жастарға үлгі-тәрбие беру. Ол той екен деп... тойдың да мағынасы, мәні, ережесі болады. Сол ережеден ауытқымай, елдің ортасында жақсы мағыналы, елге бір ғұрыптық дүниелер бұрынғы жеті атадан қалған дүниемізді жеті ұрпаққа жеткізіп жатсақ, ол да бір үлкен дүние-ау деп айта алам.
- Орталық Азияда отбасылық мерекелер тәртібін заңмен бекітпеген тек Қазақстан ғана қалыпты. Енді той-томалақты тәртіпке сай өткізу біздің елде де орнайтын секілді. Өйткені, бастаманы басқа-басқа емес, басты заң шығарушы орынның төрағасы, яғни Мемлекеттің екінші ресми тұлғасы айтып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!