Елімізде дәрі бағасы күннен күнге шарықтап барады
Оның жылдық көрсеткіші 7 пайызға жеткен. Сонымен фармацевтикалық өнімнің бағасы, әсіресе, қай өңірлерде шарықтады?
Автор: Cымбат Ғалымбекұлы
17.09.2018
Дәріханалардағы бағаның құбылуына қараша халықтың еті үйренгендей. Бір ай бұрын алған дәрінің келесі айда қымбаттауы бүгінде таң қаларлық жайт емес. Ең қызығы, отандық препеарттардың үштен бірін өндіретін Алматы облысында фармацевтикалық тауар бағасы былтырмен салыстырғанда 16 пайызға көтерілген. Қымбатшылық батыс өңірін де айналып өтпеді. Баға Маңғыстау облысында 15,3 пайызға, Қызылорда облысында 13,1 пайызға өскен. Әсіресе, анальгетиктер яғни ауруды басатын дәрілер шамамен 16 пайызға қымбаттаған. Асқазан ауырғанда ішетін дәрілер болса 15,1 пайызға жоғары боп тұр. Ең қызығы, қырық түрлі қулық табатын кей «пысықай провизорлар» долларды сылтауратып, отандық дәрінің де бағасын көтеріп жатыр. Ең соңында қарапайым халықтың қалтасына салмақ түседі.
- Бұрынғы арзан дәрілердің барлығы қазір өте қымбат. Барлық ақша осы дәріге кетеді.
-Неге қымбат десең, доллар қымбат дейді. Біз сауданы доллармен жасамаймыз ғой.
Соңғы жеті айдың ішінде еліміз 15 тонна дәрі-дәрмек шығарыпты. Бұл былтырғы көрсеткіштен 4 пайызға артық. Тіптен, шығарылған фармацевтикалық өнімнің жалпы құны 43,4 млрд теңгеге жеткен. Соған қарамастан, фармацевтикалық өнімдердің бағасын ауыздықтау мүмкін болмай тұр. Себебі, адам денсаулығына аса қажетті препараттар импортпен келеді. Шикізат та шетелден тасымалданады. Сондықтан дәрі бағасы бұдан былай қымбаттамаса, төмен түспейтіні анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!