Шахтинскі тұрғындары үйінді астында қаламыз деп қорқып отыр
Оған себеп – сол үйдің бірінші қабатындағы дүкенде бөлмелер арасындағы қабырғаның бұзылуы. Яғни кәсіпкер құзырлы орындардан рұқсат алмастан қабырғаны қиратқан. Көршілері соның салдарынан пәтеріміздің қабырғаларына зақым келді дейді. Шақыртылған арнайы мамандар қабырғаның ережеге сай бұзылмағанын анықтады. Дегенмен, ол көпқабатты үйдің конструкциясына кері әсер етпейді деп отыр.
Автор: Саят Сабдалы
18.09.2018
2 апта бұрын мына бағаналардың орнында қабырға тұрған. Дүкенін кеңейткісі келген кәсіпкер, көп ойланбай-ақ құрлысшыларды жалдап, қабырғаны жалп еткізіпті. Кәсіпкер арнайы органдардың рұқсатын алу ойыма келмепті деп ақталады.
Марина Белецкая, кәсіпкер:
-Қабырғаны бұзғандар, төбені діңгектермен тіреудің ережесін білмеді. Екі жаны мен ортасына ғана діңгек қойдық. Әжетхана тұрған жерді де бұздық. Ол жерге де діңгек қоямыз деп жатқанбыз. Тұрғындар аяқ асты шу шығарып, ол жұмыстар тоқтап қалды. Рұқсатсыз бұзғаным рас. Айыппұл да төледім. Білместік болды.
Дүкеннің үстіндегі пәтерде тұратын Надежда Полетаева едендегі жарық жақында пайда болды дейді. Қабырға бұзылғанан кейін әжетханасының есігі де жабылмай қалыпты. Дегенмен, дүкеннің ішінде тексеріс жүргізген арнайы мамандар төбенің жылжымағанын айтады. Бірақ мына діңгектер ереже бойныша қайта салынуы керек.
Жұмағұл Нұғұжинов, Қазақстан көпсалалы қайта құру және даму институтының директоры:
-Өкінішке қарай, мына діңгектер төбедегі плитаны тіреп тұрған жоқ. Біз қалай қойылуы керектігі жөнінде нұсқау дайындадық. Негізінен, конструкцияда қозғалыс болмаған. Болмайды да. Бірақ ереже бойынша тіреуіштер тұруы керек.
Дүкен қожайыны жоғарыдағы пәтерге қабырғының бұзылуынан зақым келгенін сараптама растаса, өз қаражатына жөндеу жүргізуге әзірмін дейді. Дегенмен тұрғындар, қобалжығаны үшін де кәсіпкердің жауап беруін талап етті.
-Қабырғаның бұзылуынан тұрғындар әбден шошынып қалған. Олар «Бесоба» апаты қайта болуынан қорқып, күндіз күлкі мен түнде ұйқыдан қалдық дейді. Сондықтан, моралдық өтемақы талап етіп сотқа арызданбақшы. Тіпті ыңғайы келсе оған бес қабатты үйдің шатырын да жөндетіп алсақ па деп отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!