Алматыда мемлекеттік бағдарламамен берілген үйде жарық жоқ
Алматыда мемлекеттік бағдарламамен берілген үйлерге көгілдір отын мен жарық тартылмаған. Ал есіктерінің алдында электр кабелдері шұбатылып, бала-шағаға қауіп туғызып тұр. Жеңілдетілген пайызбен баспаналы болған тұрғындар коммуналдық мәселені уақытында шешпеген мердігер компанияға талай рет шағымданыпты. Алайда олар жоқ инфрақұрылым үшін тарифті уақытында төлеңдер деп өздеріне талап қойып отыр.
Автор: Әсем Лесбек
19.09.2018
Шұғыла ықшамауданындағы көпқабатты үйлерге жұрт көктемде қоныстанған. Олардың көбі мемлекеттік бағдарламамен баспана алғандар. Ешқандай коммуналдық құрылымы жоқ үйлерде тұрып жатқан жұрт берекеміз қашты деп отыр.
Ханзада Көшербайқызы, Шұғыла ықшамауданының тұрғыны:
-Бізде не газ жоқ, не ыстық су жоқ. Жарықтың өзі бір күн жанса екінші күні өшіп тұрады. Тоңазытқыштың бәрі күйіп бітті.
Ыстық судан бұрын суық судың өзі бұл үйлерге құм мен лай араласып келетін көрінеді. Тұрғындар дұрыстап жуынудан және шай ішуден қалдық дейді. Сондай-ақ, биыл наурыз айында жұрт қоныстана бастаған пәтерлерге электр жүйесі мүлдем тартылмаған. Ал тұрғындар жерде жатқан кабельдерді аттап, әупірімдеп жүруге мәжбүр.
Әйгерім Серікова, Шұғыла ықшамауданының тұрғыны:
-Көріп тұрғандарыңыздай, электр кабелдері есік алдында қараусыз бос жатыр. Жаңбыр жауса от тұтанып кетеме деп қорқамыз. Себебі ондай оқиғалар жиі болып тұрады. Ауладағы кез-келген бала ойнап сымдарды ұстап ала ма деп тағы шошимыз.
Ал құрылысты жүргізген мердігер компания сырттағы коммуналдық жұмыстарға өздерінің жауапты еместігін айтады. Әрі инфрақұрылым өткізу тендерді ұтып алған «Универсал В» компаниясының мойнында екен.
Әли Тасенов, «Тимурс Construction» ЖШС Шұғыла ықшамауданы бойынша жауапты өкілі:
-Үкімет арқылы тендер өткен соң халыққа газ, жарық беруге міндетті. Біздер жауап бермейміз.
Осылайша, мердігер компания тұрғындарға жылу маусымы келгенше шыдай тұруларын сұрады. Әрі әрқайсысы 9 қабаттан тұратын 7 үйге жұрт толық қоныстанбайынша, газ берілмейтінін айтады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!