Көкшетауда жағымсыз иіске тұншыққан жұрт шенеуніктерден көмек сұрады
Жағымсыз иіс жайлап алды! Көкшетаудағы көпқабатты 5 үйдің нәжіске батқан тұрғындары кімнен көмек сұрарын білмей дал. Жертөле де, тіпті есік алдындағы кәріз құдықтары да лық толып, қолқаны жаратын иістен жандарын қоярға жер таппай жүр. Жұрт барлық коммуналдық қызметтерге, әкімдікке шағымданған. Әйтсе де, кәріз құбырларының жарылып, дәретханадан шыққан қалдықтардың көз алдарында қалқып жүргені әзірге ешкімді алаңдатар емес.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
19.09.2018
Жағымсыз иіс айналаға жайылып, жылы күндері тіпті адам шыдағысыз жағдайға жеткізген. Толып тұрған кәріз құдықтарын да, быршып кеткен жертөлені де арнайы көлік сорып тауыса алар емес. Мұншама нас судың қайдан шығып жатқанына бас қатырған жан жоқ. Ортан белден келетін жертөледегі қалдықтарды сорғызуға келген техника оны сыртқа төгіп кеткен.
Алмас Махметов, Көкшетау қаласының тұрғыны:
-Бір трактор берген. Ол үйдің артында батып жатыр.
Жертөле тазармайынша қысқа әзірлік жұмыстары да басталмай тұр. Тұрғындар былыққан жерге шыбын-шіркей үймелеп, тышқан қаптап кеткенін айтады.
- Бәрінен бұрын оларды мазалайтыны жертөледе 1 метрдей көтерілген кәріз суының астында жылу есептейтін қондырғылардың қалғаны. Есептегіштерді олар осыдан 2 жыл бұрын 1 жарым миллион теңгеге орнатқызған. Тіпті әлі қарызын да өтеп болмапты.
Қысқа әзірліктің қызып жататын кезінде нәжіс толып тұрған үйлерді тазартуға ешкім асығар емес. Бір қызығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы тұрғын үй инспекциясына, инспекция «Көкшетау су арнасы» кәсіпорнына, ондағылар пәтер иелері кооперативіне сілтеп, ақыры жауапты адам таппадық. Тұрғындар да дәл осылай сергелдеңге түсіп, қайда барарын білмей дал.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!