«Қорғаста» шекарашының жағын сындырған жігіттің кім екені белгілі болды
«Қорғаста» шекарашы аяусыз соққыға жығылды! 25 жастағы ефрейтор рұқсат қағазынсыз өтіп кеткісі келген кісіні тоқтатпақ болған екен. Алайда ол адам жауынгердің өзін жұдырықтап, жағын сындырған. Қатты соққыдан тілін жұтып қойған шекарашыға сол арада жүрген саудагерлер мен туристер көмекке келген. Ал қырғын шығарған басқа емес, «Қорғастың» өз қызметкері боп шықты.
Автор: Аруна Ортай
20.09.2018
-Тілін шығар! Көтер! Тілін шығар! Ашыңдар, ей! Ашыңдар! Қаш, ей!
Оқиға кешкі бестер шамасында болған. Күтпеген соққыдан шекарашы есінен танып құлаған. Басы жарылып, қан-жоса болған оны алғашқыда бәрі өлдіге санапты.
-Құдай сақтасын, өлген жоқ анау! Өлді! Тұрғыз! Тұрғызшы ей!
Тек біраз уақыттан кейін қана барып ефрейтор есін жиды. Куәгерлердің айтуынша, «Қорғастың қызметкерімін» деген бәз біреу құжатсыз, әрі кезекке қарамай, баса-көктеп өтіп кетпек болған екен. Алайда, шекарашы оған тосқауыл жасаған. Сөйтіп, арада ерегіс туған. Қатты соққыдан тілін жұтып қойған Нұржан Молдашқа сол арада жүрген саудагерлер көмекке келді. Кейін белгілі болғандай, 25 жастағы жігіттің миы шайқалып, жағы сынған екен.
Жомарт Нұраханов, травматология бөлімінің меңгерушісі:
-Келіп түскендегі диагнозы бас ми жарақаты, бас миының шайқалуы, төменгі жақтың сынуы. Невропотолог, окулист, керекті мамандардан кеңестер алынды. Барлық керекті ем жасалып жатыр.
Қазір ауыр жағдайда Жаркенттегі Панфилов аудандық орталық ауруханасында жатыр. Оны Алматыдағы госпитальға жеткізу мәселесі шешілуде.
Жанар Толыбаева, Н.Молдаштың анасы:
-Баламның ешқандай кінәсі жоқ! Балам деген оқуын бітірген тәртіпті бала.
Камераға сөйлеуден бас тартқан «Қорғастың» басшылары болса, керісінше, таяқ жеген шекарашыны кіналап отыр. Айтуларынша, төбелесті ефрейтордың өзі бастаған. Десе де, жауынгердің жағын сындырған 27 жастағы Әзілхан Әзімхан қамауға алынды. Қытай тілінің аудармашысы боп істейтін жігіт, әрі қоян-қолтық күрестен чемпион көрінеді. Ал жанжалға бірден-бір себеп болған «Қорғастағы» кезек болса, өрши түспесе, сол күйі тарамаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!