{metadescription}
Семейде 11 отбасы далада қалды
Семейде 11 отбасы далада қалды

Семейде 11 отбасы далада қалды

Семейде қос қабатты баспана өртеніп 11 отбасы қыс алдында далада қалды. Енді  зардап шеккендер тентіреп жүр. Олар жергілікті биліктен ешқандай көмек болмағанына наразы. Айтуларынша, үйлері 10 жыл бұрын апатты жағдайда деп танылған . Сол сәтте, жұртқа жаңа пәтерлердің кілтін табыстауға уәде берген.

Ал қос қабатты баспананың ірге тасы қаланғанына 57 жыл болған. Алайда жергілікті билік 2008 жылы оны жұртқа тұруға жарамсыз деп таныған екен. Дегенмен олардың тарапынан ешқандай шешім болмағандықтан 11 отбасы жандарын шүберекке түйіп, қауіпті үйді паналап келіпті.

Бір ай бұрын  екінші қабатта тұтанған тілсіз жау жұртты далада қалдырды. Кейбір тұрғындардың дүние-мүлкі түгелдей күлге айналған. Үй иелерінің айтуынша, қызыл жалын ырық бермей 375 шаршы метрді шарпып үлгеріпті. Ал өрттен аман қалған бірінші қабаттағы пәтерлердің өзі адам көргісіз күйде. Ең өкініштісі, басымызға іс түскенде жергілікті билікке де керек болмай қалдық дейді тұрғындар.

Болат Наданбаев, Семей қаласының тұрғыны:

Салық төлеп отырмын. Су мен  жарықты төлеп келдім. Енді қалай өмір сүреміз? Көмек сұрап отырмыз. Кішкене қарайласуға болады ғой.

Жергілікті шенеуніктер үйді апатты деп таныған кезде тұрғындарды жаңа баспанамен қарық қыламыз деп уәде еткен. Жеме-жемге келгенде бұл ойларынан айынып қалыпты. Оның үстіне, мұндағы пәтерлер тұрғындардың өз атында емес. Бұл кезінде ұн-жем комбинатының жатақханасы болғандықтан сот арқылы да  жұрт оны өз аттарына рәсімдей алмаған. Сондықтан ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған мамандар далада қалғандарға ешқандай көмектің болмайтынын ашық айтты.

Светлана Зауырбекова, тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

 Онда екі отбасы ғана нақты тұрып келген. Қалғандары тұрмаған. Оның өзінде үйді жекеменшік екенін растайтын  қолдарында бір құжат жоқ. Тек, ұн- жем комбинатының кезінде берген ордері бар. Бұл жарамсыз. Себебі, нысан баланысқа алынбаған. Біз ешқандай көмек көрсете алмаймыз. Сонымен қатар оны апатты деп тапқан нақты құжат бізде жоқ.

Шенеуніктер далада қалғандарға ел қатарлы баспана кезегіне тұруға кеңес берді. Айтуларынша, бүгінде бұл тізімде 10 мың адам тұр. Ал, бұл ұзын- соңар кезектің қашан келетіні тағы белгісіз. Сондықтан жұрт қайырымды жандардарға алақан жаюуға мәжбүр. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде