Атыраулықтар даңғарадай үйлеріне кіре алмай пәтер жағалап жүр
Атыраулықтар өз үйлерінен безіп жатыр! Қаладағы «Самал» ықшамауданының тұрғындары 15 жыл дегенде жер учаскесін берген әкімдіктің инфрақұрылымды ұмыт қалдырғанына ашулы. Олар көгілдір отын мен судың тартылмауына байланысты, салып қойған даңғарадай үйлеріне кіре алмай пәтер жағалап кеткен.
Автор: Жанар Низамутдинова
21.09.2018
Су мен көгілдір отынның зардабын тартқан көп «самалдықтың» бірі – Шынар Сұлтангереева. Итшілеп жүріп әрең салған үйімнің игілігін көре алмай отырмын дейді ол. Өйткені, жап-жаңа үйде жағдай жоқ. Шынар секілді әкімдіктен газ бен су сұрап, шырылдап жүрген самалдықтардың қатары 1000-ға жуық. Шамасы жеткендері инфрақұрылымды өз беттерінше жүргізіп алған. Бірақ оны қалтасы көтермейтіндердің қатары өте көп.
Артур Өтепов, Атырау қаласының тұрғыны:
Үйді салып, бітіріп қойдық, енді газы да жоқ, суы да жоқ. Жарықты өткенде берді. Мердігер компания «Атыраукөлік» мекемесі осы мамыр айынан бері қарай уәде беріп келеді. Алдында 10-15-і деді. Онымен бітіп жатқан шаруа жоқ. Алдымыз да – қыс. Тағы да 15 жыл күтетін шығармыз !
Жұрттың айтуынша, тұруға дайын, бірақ иесіз тұрған баспаналарын ұры-қары да жиі торуылдайтын көрінеді. Сол себепті, күндіз-түні күзетуге көшкен.
Ұлдай Жұмашева, Атырау қаласының тұрғыны:
Үйімді тонап кетсе не істеймін?! Жөндегеніміз бүлініп кетсе, өтемақысын кім береді?! Онда әкімдік мойнына алып, мердігер компанияны міндеттесін. Немесе газ берсін!
Әкімдіктегілерге сенсек, даудың ушығуына осы ықшамауданның инфрақұрылымына жауапты «Атырау көлік» мекемесі себепкер. Яғни тиісті жұмыстар дер кезінде жасалмаған дейді. Екі жақты тартыстырып қойған мекеме өкілдерімен тілдесу мүмкін болмады. Бірақ мәселенің бүгін-ертең шешілетінін айтып, шыр-пыр болған шенеуніктер олармен енді сотта кездеспек көрінеді.
Дулат Жұмашев, Атырау қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:
Осы күнге дейін қосылмаған себебі, «Атырау көлік» бұл обьектілерді заң жүзінде 31-ші шілде күні тапсыруы керек болатын. Ал олар жұмыстарын бітіре алмауы себепті, біз қабылдаған жоқпыз. Сосын газ аймақтың адамдары тексеру барысында ақаулар, ескертулер табылды.
Дегенмен, халықтың қаһарынан қорықса керек, әкімдік бірнеше айдан бері шешілмей келе жатқан мәселені бір күнде шешуге уәде етті. Тіпті құжаттары қатталып тұрмаса да, газ таратушы компанияға хат жолдап, көгілдір отынмен қамтамасыз етуді сұрапты. Жалпы «Самал» ықшамауданына инфрақұрылым жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 3 миллиард теңге қарастырылған. Оның 180 миллионы газ тартуға жұмсалуы тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!