Жедел жәрдем қызметкерін ұрған Түркия азаматы екі жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Жедел жәрдем қызметкерін жағадан алған Түркия азаматы сабасына түсіп, кешірім сұрады. 27 жастағы Әли Демір жүргізушіні ұрған себебін түсіндірді. Сөйтсе, бірнеше күн бұрын көлігін әлдебіреулер ұрлап әкетіпті. Қаны басына шапқан жігіт ашуын 61 жастағы қарттан алған.
Автор: Аруна Ортай
21.09.2018
Али Демір, айыпталушы:
Болған оқиға үшін бүкіл Қазақстан халқынан шын жүректен кешірім сұраймын. Жедел жәрдем жүргізушісі Кучма Николай Григорьевичтен кешірім сұраймын. Жасаған қателігімді мойындаймын. Отбасым үшін, қызым үшін мені түсінуіңізді өте қатты өтінемін.
Жедел-жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан Әли Демір бес айлық баласының барын айтып жалбарынған. Бірақ таяқ жеген жүргізуші кешірім беруден бас тартты. Істі сотқа дейін жеткізуге ниетті. Әли Демір оған адвокаты арқылы емін төлеп беруді де ұсыныпты. Алайда ұсынысты да кері қайтарған Николай Кучма одан моральдық шығын көлемін өндіріп алмақ. Сөйтіп ауруханаға жатқызылған азамат әділ шешімді сот құзырына тапсырды. Ал өзінің әкесіндей кісіні ұрып жұртты шулатқан Түркия азаматы жеті жылдан бері Қазақстанда кәсібін дөңгелетіп келеді екен. Әйелі еліміздің азаматшасы. Полицейлер іздеп тауып, абақтыға жапқан оны прокурорлар бүгін босатып жіберді. Сөйтсе, күдікті кепіл ақша төлеген екен. Тергеу аяқталғанша енді ол бостандықта жүре тұрады. Егер кінәсі сотта дәлелденсе, Түркия азаматы көп мөлшерде айыппұл арқалап немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!