Жаңаөзендегі апат: Сот үкімімен қос тарап та келіспей отыр
Жаңаөзеннің теміржол өткелінде болған апатқа қатысты сот үкімі шықты. Былтыр қарашада тепловоз Газельді соғып, 9 адам қаза тапқан еді. 27 жолаушы жарақаттанып, кейбірі мүгедек боп қалды. Енді сол үшін шойын жол өткелінің кезекші диспетчері бес жыл түрмеде отыратын болады. Әйтсе де, жәбірленушілер үкіммен келіспейді. Өйткені апатқа кінәлі өзге де тұлғалардың жауапқа тартылмағанына ашынып отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
21.09.2018
11 жасар Динараның сұмдық апатты еске алғысы жоқ. Сол қаралы күні бүлдіршін қос аяғынан айрылды. Қазір мүгедек арбасына таңылған. Анасының сөзінше, протез алуға 34 миллион теңге қажет. Бірақ мұндай қаржы оларда жоқ.
Ғалия Еңсегенова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Одан кейін біздерге кешірім сұрап немесе баланың жағдайы қалай деп үйімізге келген жоқ. Менің қызым мүгедек болып қалды. Аяғына протез алуға көмектессе, үш жыл сайын ауыстырып тұрады ғой.
Жаңаөзеннің темір жол өткеліндегі апатқа Есентемір Танауовты кінәлі деп танылды. Диспечер болып істейтін ол кезекшілігінде мас болып, белгіленген уақытта шлагбауымды түсіріп үлгермеген. Сол кезде Газель шойын жолға шығып кетіп тепловозбен соғысады. Салдарынан тоғыз адам қаза тауып, 27 жолаушы жараланды. Енді бес жыл өмірін темір тордың арғы жағында өткізеді.
Махамбет Толтанов, судья:
Оған темір жол саласында өткел кезекшісі құқығынан үш жыл мерзімге айыра отырып, бе с жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын.
Апатта қаза тапқандардың туыстары мен жарақат алғандар үкіммен келіспей отыр. Жалғыз кезекші емес, басқа да жауапты тұлғалар жазалануы керектігін айтады. Өйткені, Газельге де жолаушыларды артығымен мінгізген. Сондай-ақ жүргізуші бағдаршамдағы белгіге мән бермепті. Дегенмен көлік тізгіндеген азамат апатта көз жұмды. Ал «Қазақстан темір жолы» былтыр тепловоздың тежегіш басып, жылдамдығы төмен болды деп ақталған. Кейін адвокаттар сағатына жүз шақырыммен жүргенін дәлелдеді. Сондай-ақ өткелдегі шлагбауым істен шыққан екен.
Базар Достанова, жәбірленуші:
Біз бүкіл теміржол акционерлік қоғамын кінәлауды сұраймыз. ҚТЖ - кінәлі. Жұмыстарында жауапкершілік жоқ. Алкотесттен өткізбеген. Сол себепті Жаңаөзенде тоғыз адам қырылып қалды.
Апатта көз жұмған тоғыз адамның туыстары мен жарақат алған бір жолаушыға «Қазақстан темір жолы» екі ай ішінде 36 миллион теңге өтемақы төлеуі тиіс. Оны жәбірленушілер бес жүз мың теңгеден бастап, жеті миллион теңге арасында өзара бөліп алады. Ал өзге жәбірленушілер өтемақы алуы үшін сотқа қайта арыздануы керек. Дегенмен, соттың бұл жолғы үкімімен қос тарап та келіспей, облыстық сотқа шағым түсірмекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!